Ақтау тұрғыны Қостанай облысындағы ауылды қайта қалпына келтірмекші
Қостанай облысында кейінгі үш жылда отызға жуық ауыл жойылып кеткен. Биыл да бірнеше елді мекен болашағы жоқ деп танылуы мүмкін. Солардың бірі – Қарабалық ауданындағы Жаңа ауыл. Шалғайдағы елді мекенге былтыр Маңғыстаудан бір-екі үй көшіп келген. Олар ауылды дамытып, елді мекенді сақтап қалмақшы, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.
Ресеймен дәл шекара түбіндегі Жаңа ауыл елді мекені карта бетінен жойылып кетудің сәл алдында тұр. Бүгінде мұнда небәрі он үй қалған. Ендігі бар үміті бұл ауылдың еліміздің, оңтүстігінен, батысынан келетін көште. Былтыр осы ауылдық округке Маңғыстаудан екі отбасы қоныс аударса, биыл олардың қатарын тағы үш отбасы толтырмақ.
Маңғыстау тумасы Алтынбек Есполов Петербург қаласындағы электр техникалық университетінің түлегі. Біраз жыл еліміздің байланыс саласында өңірлік денгейде басшылық қызмет атқарған. Екі жыл бұрын өмірін күрт өзгертіп, мал шаруашылығымен айналысуға бел буыпты. Осылайша Ақтаудан еліміздің теріскей шетіндегі Жаңа ауылға қоныс аударды. Бұл жердің көкорай шалғын, көк майсасы қызықтырғанын айтады. Жаңа істе қиындық болса да, алған бетінен қайтпақ емес.
"Бүгінге 150 бас қой бар. Болашақта бұйырса, 800 басқа дейін жеткіземіз. Ірі қара ұстаудың пайдасы шамалы. Қазір сүттің бағасы 120-130 теңге. Алдымен ауылдарда сол сүттің бағасын 160-180 теңгеге дейін көтеру керек. Сонда тиімді болады", – дейді Жаңа ауыл ауылының тұрғыны Алтынбек Есполов
Алтынбек қирап қалған қора-жайларды жөндеп, мал басын көбейтумен қатар ауылдың әлеуметтік жағдайын түзеткісі келеді.
"Биыл екі үй жөндейміз. Қаладағы үйлер секілді әжетхана, ванна орнатамыз. Барлығына жағдай жасап, адамдарды ауылға тартқымыз келеді", – деп қосты Алтынбек Есполов.
Жаңа ауылдың байырғы тұрғындары көшіп келгендерді қуана қарсы алды. Жастар көбейіп, жұмыс орындары ашылып, ауылымыз қайта түлесе деген үміттерін жоғалтқысы келмейді.
"Баяғыда дүркіреп тұрған ауыл еді. Қимай отырмыз міне. Бәрі де құрып жатыр. Жұмыс болмаған соң ауылдан кетті. Мектеп жоқ, дүкен жоқ. Әйтеуір нан әкеледі, оған да ризамыз. Осы кісілерге үміт артып отырмыз. Өте жақсы болар еді", – дейді ауыл тұрғыны Ғалия Апенова.
Алтынбек те осы ауылды сақтап қалу үшін аянып қалмайтынын айтады. Тек бір өтініші, мал жайлымы мен шабындықты кеңейтіп берсе дейді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
