Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтау маңындағы ұшақ апаты үшін Әзірбайжан әуекомпаниясы әр жолаушыға қанша өтемақы төлейтіні белгілі болды

Azerbaijan Airlines әуекомпаниясы Ақтау маңындағы ұшақ апатынан қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына өтемақы төлейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Azerbaijan Airlines

Ұшақтағы әрбір жолаушыға 20 мың манат төленеді, бұл алты миллион теңгеден асады. Бұл компанияның ресми мәлімдемесінде айтылған.

Қаза тапқандардың отбасыларына 40 мың манат, яғни 12 миллион теңгеден астам жәрдемақы беріледі.

Сонымен қатар жолаушыларға Әзірбайжан заңнамасына және халықаралық тәжірибеге сәйкес жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдері қарастырылған.

Еске салсақ, бұған дейін Әзірбайжан әуе компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Ұшақта барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты. Ұшақ апатында қаза болған қазақстандықтардың аты-жөндері белгілі болды. Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.

Сондай-ақ еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмәди Сарбасов Ақтаудағы ұшақ апатында қаза тапқан қазақстандықтардың отбасыларына қандай көмек көрсетілетіні туралы айтқан еді.

Талқылау