Павлодарда қатты желден құлаған ағаш бұтасы такси жолаушысының кеудесіне қадалып қалған
Фото: T.me/Zanamiviehali
Ақсу қаласында дауылдан сынған ағаш бұтағы такси ішінде отырған жолаушы әйелдің кеудесіне қадалып қалды. Әйел оқиға орнында көз жұмды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Куәгерлер әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видеоны жариялады. Видеодан ағаш бұтасының таксидің алдыңғы әйнегін сындырып, бір бұтағы алдыңғы орында отырған жолаушы әйелдің кеудесіне қадалғанын көруге болады. Такси жүргізушісі абдырап, жылап, зардап шеккен әйелге көмектесуді сұраған.
Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының хабарлауынша, шақырту 19 маусым күні сағат 17:29-да түскен.
“Ағаш бұтағы әйелдің кеуде тұсына қадалған. Оқиға орнына келген медицина қызметкерлері 1968 жылы туған әйелдің ауыр жарақат салдарынан қайтыс болғанын растады", – деп хабарлады Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы.
Еске сала кетейік, 19 маусым кешке қарай Павлодар облысына қатты дауыл соқты. Дауыл күшейіп, желден автобус аялдамалары мен балалар алаңдары бүлініп, ондаған ағаш құлап, сынды. Құлаған ағаштар тұрақта тұрған көліктерді зақымдаған.

"Түрің түрмеден шыққан адам сияқты": Қоғамдық көлікте ер адамның қазақстандық арудың сырт келбетіне тиіскені желідегілердің ашуын туғызды (видео)
