Ақшасын алмаз өндірісіне салған мыңдаған маңғыстаулық алданып, 9 миллиард теңгені қайтара алмай отыр
Маңғыстау облысында мыңға жуық адам ақшасын алмаз өндірісіне инвестицияға саламын деп алданып қалды. Жәбірленушілердің айтуынша, қаражатты жинап алған компания басшысы елден қашып кеткен. Қазір Қаржы мониторингі агенттігі сотқа дейін тергеуді жүргізіп жатыр. Салымшылар қылмыстық істің бабын өзгертіп, Ақтауда қаралсын деген талап қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Мәліметтерге сенсек, Ақтаудың прокуратурасының ғимараты алдына жиналған жұрттың көбі 2019 жылы мүлкін сатып, қолындағы қаражатын "Sax Invest" компаниясына санап берген. Айтуларынша, жарнамасы жер жарған компания халықты алмаз өндірісіне инвестиция салуға үгіттеген. Осылайша құйған қаражаттың үстінен ай сайын 2 пайыз пайда түсіп отырады деп сендіргенін айтады.
"Біз сол кісіге бала-шағамызға деп жинап отырған бүкіл қаражатымызды салғанбыз. Оның бер жағында өзгерістер болып, бізге мынадай міндеттеме қағазын берді. Осындай уақытта қайтарамыз ақшаны деп уәде берді. Қол хат жазып бергенімен ол кісі бұдан кейін хабарсыз кетті. Тек әлеуметтік желіден Анголадан жүргенін бақылаймыз. Біздің ақшамызды қайтарсын. Алаяқтық жолмен алдап, біздің ақшамызды қайтармай отыр", – деді тұрғын Гүлшар Берғарина.
Маңғыстаулық тұрғындар компанияға 5 миллион теңге көлемінде ақша санап бергендерін айтады. Бүгінде елордада "қаржы пирамидасын құрды және ұйымдастырды" деген бап бойынша қозғалған қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алайда жиналған қауым істің бабын өзгертіп, Ақтауда қарауды сұрайды.
"Бұл кісі бізге келіп өз компаниясын жарнамалап, акцияға инвестиция саласыңдар деп алдады. Оның сөзіне сеніп, мен көлігімді сатып, 10 мың доллар салдым. Міне, 5 жыл бойы табыс түгілі, өз ақшамызды ала алмай отырмыз. Ақшамызды қайтар десек, Анголада жұмыс істеп жатырмын деп уәдеге сендіріп келді. Құзырлы органдар істің Маңғыстау облысында "Алаяқтық" бабы бойынша тергеуді сұраймыз", – деді қала тұрғыны Алла Гафулер.
Арызын арқалаған жұртпен Маңғыстау облыстық прокуратурасының басқарма басшысы Данияр Төлегенов жеке кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
"Астана қалалық экономикалық тергеу департаментімен қылмыстық кодекстің 217-бабының 3-бөлігімен сотқа (Қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету) дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Осы іс бойынша аталған органмен күдікті тұлғалар ұсталды. Бұдан басқа тергеу әрекеттері тағы да жалғасады. Сонымен қатар бүгін Маңғыстау облысы прокуратурасының басшылық құрамымен осы салымшыларға жеке қабылдау жүргізілді, тиісті заңды түсіндірме берілді", – деді прокурор.
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, компания 9 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген. Сонымен қатар агенттік осыдан бір ай бұрын "Sax Invest" қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың бірі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеген еді.
Еске салайық, бұған дейін қаржы мониторингі агенттігі жыл басынан бері 20 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген 57 қаржы пирамидасының жолын кескенін жаздық. Қылмыстық іс қозғалып, 12 миллиард теңгеден астам қаражат өтелді. Айта кетейік, "Qnet", "World Business Consulting", "Finiko" "Antares"/"Antares Trade", "Sincere Systems Group"/"S-Group", "Hermes LTD", "Life is good", "Chia Tai Tianding"/"Chia Tai Pharmaceutical" "Energy Eolus Oazqstan"/"Eolus" сияқты елде жұмыс істейтін қаржы пирамидаларының құрылымдық бөлімшелерінің ұйымдастырушылары жауапқа тартылды.