Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақшаны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығаратындармен күресу керек – Тоқаев

тоқаевФото: Ақорда 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінде жиын өткізді. Жиында ол қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайларын, есірткі қылмысы мен ел экономикасына зардабын тигізетін бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Президенттің айтуынша, қаражатты жымқыру мен ұрлау ел экономикасына орасан зор зардап әкелуде.

“Біз елімізді дамытуға арналған қаражатты тиімді жұмсаудың амалын іздеп қиналамыз. Бірақ соған қарамастан әлеуметтік салаға бөлінген триллиондаған теңге қаржыны жымқыратын алаяқтар бар. Тіпті, аз емес деп айтуға болады. Бұл – мүлде ақылға сыймайтын жағдай. Мұндай кеселді түп-тамырымен жою керек”, – деді ол.

Тоқаев сонымен қатар қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығаратындармен күресті күшеуті керек екенін алға тартты.

“Қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайлары да азаймай тұр. Ондай заңсыздыққа тосқауыл қою қажет. Мұндай теріс ахуал экономикаға орасан зор зардабын тигізуде. Түптеп келгенде, көлеңкелі экономикамен үзілді-кесілді күресу керек. Бұл да – өте өзекті, аса маңызды міндет. Қаржылық мониторинг қызметінің алдында тұрған міндет белгілі: бұл – мемлекет қаржысының тек қана ел игілігіне жұмсалуын қадағалау. Осы маңызды міндеттің сапалы іске асуы сіздердің қызметтеріңізге тікелей байланысты”, – деді мемлекет басшысы.

“Қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу керек”

Сонымен қатар, Тоқаев заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны да күшейтуді тапсырды.

“Есірткі бизнесімен күресті күшейту қажет. Өкінішке қарай, қазір есірткі саудасынан түскен табысты тексеру жұмысының тиімділігі төмен. Қылмыскерлердің заңсыз жолмен тапқан жеке мүлкімен қатар, басқа адамдардың атына рәсімдеген мүлкі де мемлекетке қайтарылуға тиіс. Қысқасы, қылмыстық жолмен иемденген мүліктің бәрін тәркілеу мәселесін мұқият пысықтаған жөн. Заңды тұлғалардың күмәнді табыстарды заңдастыруына қатысты жазаны күшейту керек. Бұл қадам халықаралық стандарттарға толық сай келеді”, – деді Мемлекет басшысы. 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 28 Қаңтар, 2026 15:04