"Ақша ұсынып, қысым жасады": Кәмелетке толмаған қызын шенеунік зорлады деп айыптаған ер адам мәлімдеме жасады

Батыс Қазақстан облысында зорлық көрген 16 жастағы қыздың әкесі жаңа мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қыздың әкесі “Уральская неделяға” берген сұхбатында бұған дейін тараған отбасы айыптаудан бас тартты деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, оларға қысым көрсетілген.
“Қаңтардың басында полицияға арыз берген кезде бізге – маған, әйеліме, қызыма – қатты қысым жасалды. Арыздан бас тартуға үгіттеді. Әйелім мен қызымды бөлек кабинетке алып кіріп сөйлескен. Оларға не айту керегі де айтылған. Маған бұл туралы кейін белгілі болды. Мен арыздан бас тартпайтынымды, істі сотқа дейін жеткізетінімді айттым. Жұбайым да соған келіседі”, – деді ол.
Ол күдікті қылмысты мойындағанына қарамастан, істі қалай тоқтатуға болатынын түсінбейтінін айтты.
“Арыздан кейін оны бөлімге әкелгенде мас күйде болды, қызымды зорлағанын мойындады. Ал екі күннен кейін екі адвокат жалдап, “Оны 20 жаста деп ойладым, өзі келісті” деген сөз айта бастады. Егер кінәсіз болса, неге әйелі үйімізге келіп, кешірім сұрап, ақша ұсынды? Полицияда да ақша алуды ұсынды. Астанадағы ағайындарынан да 10 миллион, 20 миллион теңге беруге дайын екенін айтты, тіпті пәтер ұсынды. Бірақ мен бас тарттым. Бұл қызымның тағдырына кері әсер етеді. Ол бәрін ақша шешеді деп ойламауы керек”, – деді әкесі.
Ол арыздан бас тартпағанын тағы да нақтылады.
“Мен полицияға берген арызымды қайтарып алған жоқпын. Қызымның көзіне қалай қараймын? Тағы бір төрт жасар қызым бар. Ертең ол да осындай жағдайға ұшырап, бәрі жазасыз қалса қайтеміз?” – деді ол.
Ер адамның сөзінше, кейін колледж қызметкерлері келіп, қызды есепке қоятынын айтқан, бірақ оқиға күндіз болғанын білген соң бұл ойларынан бас тартқан.
“Бұл да қысымның бір түрі. Полицияда да “қызыңның өзі кінәлі” деп қайталай берді. Бұл – дұрыс емес. Мен кінәлі адамға айып тағылып, сот алдында жауап беруін талап етемін”, – деді жәбірленушінің әкесі.
Сондай-ақ ол дәл осы мемлекеттік қызметкерден тағы бір кәмелетке толмаған қыз зардап шеккен болуы мүмкін екенін алға тартты. Оның сөзінше, шенеунік өзін жас жігіт ретінде таныстырып, хат жазысқан, кейін үйіне шақырып, зорлық жасаған. Бұл қыздың отбасын танитынын, бірақ белгісіз себептермен олар полицияға жүгінбегенін жеткізді.
Мән-жайы
Бұған дейін жәбірленушінің әкесі 68 жастағы шенеунік оның кәмелетке толмаған қызын алдап үйіне алып барып, оған қатысты зорлық әрекетін жасағанын мәлімдеген еді. Ер адамның айтуынша, арыз жазылғаннан кейін күдікті ұсталған, алайда көп ұзамай босатылған. Ол Шыңғырлау аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері істі тиісінше белсенді тергемей отырғанын айтып отыр.
Полиция не дейді?
Ал БҚО полиция департаментінің мәліметінше, 2 қаңтарда Ақсай қаласының 16 жастағы тұрғынына қатысты құқыққа қарсы әрекет туралы хабарлама түскен. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
“Тергеу барысында хат алмасулар және істі объективті қарауға маңызды өзге де деректер анықталды. Тергеу кәмелетке толмағанға қатысты зорлық әрекеті болғанын растаған жоқ. Мұны жәбірленушінің өзі мен анасы да растап, күдіктіге ешқандай талап-арыздары жоқ екенін, қарым-қатынас өзара келісіммен болғанын айтты”, – деп мәлімдеді полиция.
Полицияның деректеріне сүйенсек, күдікті аудандық әкімдік бөлімінің қызметкері болған, арыз түскеннен кейін ол жұмыстан босатылған. Тергеу жалғасып жатыр, іс департамент басшылығының бақылауында.