"Ақша бермесең топпен келіп өлтіреміз": Петропавлда оқушы қызды қатарластары аяусыз соққыға жыққан
Фото: Видеодан скрин
Желіде Петропавлда оқушы қыздың аяусыз соққыға жығылғаны түсірілген видео тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жан түршігерлік видео Петропавлда түсірілген. Кадрлардан алты қыздың қатарласын ұрып-соғып жатқанын көруге болады. Әрқайсысы кезек-кезек жәбірденушінің басынан ұрып, кетіп қалады. Жасөспірім соққыларға қарсылық көрсетпейді. Олар қызды ұрып-соққан соң ақша сұрайды. Қыздар қатарласынан физикалық зорлық немесе "қолма-қол ақша" беруді таңдауды ұсынады.
Соққыға жығылған қыз бұған дейін олардың біріне қарсы арыз жазбақ болған. Осыдан кейін күдікті қыздар оны осылай жазаламақ болған.
"Қайтармасаң, кассаға қоямыз. Туған күнің тоғызына. Бәрібір ақша аласың. Оныншы күні қайтармасаң, топпен келіп ұрып өлтіріп, есепке қоямыз", – дейді оқушы қыздар.
Жасөспірімдер мұның бәрін ұялы телефонға түсіріп алған. Мәліметке сәйкес, оқиға өткен жылдың тамыз айының соңында болған. Бірақ бұл іс кейінірек қоғам назарына ілікті.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Петропавл полицейлері 14 жастағы қала тұрғынына қатысты қорқыту фактілері бойынша жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр.
"Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бір топ қыздың жүйелі психологиялық және физикалық қысым көрсеткені анықталды. Оның ішінде видеоға жазылған ақпарат расталды. 2024 жылдың 31 тамызында болған оқиғаға қатысы бар алты кәмелетке толмаған баланың жеке басы анықталды. Екі кәмелетке толмаған және төрт заңды өкілге қатысты әкімшілік материалдар жиналды. Бопсалау дерегі бойынша қосымша сотқа дейінгі тергеу басталды. Барлық процессуалдық әрекеттер заң аясында және қадағалау органының қадағалауымен жүзеге асырылады", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбе облысында қатарластары соққыға жыққан жасөспірім мүгедек болып қалғаны туралы жазған едік.