АҚШ-тың FDA агенттігі тағы бір түтінсіз өнімді темекі шегетіндер үшін зияны аз деп таныды
АҚШ нарығында снюсты модификацияланған қауіп туралы белгімен сатуға рұқсат берілді. Қазақстанда бұл өнім 2019 жылдан бері тыйым салынған. Қатаң талаптарымен танымал әрі әлемдік беделге ие АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) Swedish Match компаниясының снюсы сигаретке қарағанда зияны аз балама екенін және өкпе мен ауыз қуысы обыры, жүрек-қантамыр аурулары, эмфизема және созылмалы бронхит қаупін төмендететінін мойындады.
Снюс дәстүрлі түрде Швецияда кең таралған және бұл елдің темекі шегуге қарсы күрестегі жетістіктері осы өніммен байланыстырылады. Жуырда, 13 қарашада Швеция темекі шегетіндер санының 4,6%-ға дейін төмендегенін хабарлады. Бұл рекордтық көрсеткіш Швецияның "түтінсіз ел" мәртебесіне жеткенін көрсетеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) бағалау критерийлеріне сәйкес, елдегі темекі шегушілер саны халықтың 5%-ынан аспаса, ол темекі шегуден азат ел деп саналады.
АҚШ-тың FDA агенттігі "Филип Моррис Интернешнл" компаниясының құрамына кіретін Swedish Match компаниясының снюсын модификацияланған қауіппен өнім ретінде сатуды жалғастыруға рұқсат берді. Бұл өнімге "General Snus-ты темекінің орнына қолдану ауыз қуысы обыры, жүрек аурулары, өкпе обыры, инсульт, эмфизема және созылмалы бронхит қаупін төмендетеді" деген тұжырымды қолдануға рұқсат етілді.
Бұған дейін 2019 жылы Swedish Match компаниясының снюсын АҚШ аумағында коммерцияландыруға берілген рұқсат 2032 жылға дейін ұзартылды. Бұл — FDA тарихында модификацияланған қауіп өнімін сатуға рұқсат мерзіміналғаш рет ұзарту оқиғасы болды.
FDA сарапшылары рұқсат мерзімін ұзартпас бұрын барлық дәлелдемелерді мұқият зерттеді. Компанияның авторизацияны жаңарту өтінімі 330 клиникалық және эпидемиологиялық зерттеумен негізделді. Бұл зерттеулер темекіден толық бас тартып, осы баламаға өткен шегетіндер үшін қауіптің төмендегенін көрсетті.
"Swedish Match компаниясы темекі шегуді түбегейлі жоюға ұмтылады. FDA шешімі — темекі шегетіндер мен дәстүрлі темекі тұтынушыларын түтінсіз өнімге көшуге ынталандыратын маңызды қадам. Бұл темекі тұтынушылары үшін қауіпсіз балама ұсынып, халықтың денсаулығын қорғауға көмектеседі", — деді Swedish Match компаниясының Солтүстік Америкадағы президенті Том Хейс.
Швецияның темекіге қарсы күрестегі жетістіктері мен зиянды азайту қағидаттарына негізделген стратегиялары көптеген ғылыми зерттеулер нәтижелеріне сүйенеді. Темекі шегетіндердің денсаулығына негізгі қауіп никотиннен болмайтынын ғылым әлдеқашан дәлелдеген. Ол тәуелділік тудырады, бірақ темекі шегуге байланысты аурулардың негізгі себебі емес. "Адамдар никотин үшін темекі шегеді. Бірақ шайырдан өледі" деген сөз бірнеше ондаған жыл бұрын айтылған және ғылыми прогресс бұл тұжырымды бірнеше рет растады.
Көптеген ғылыми зерттеулердің нәтижелері көрсеткендей, сигареттің негізгі зияны — темекі жанған кезде химиялық реакциялар арқылы бөлінетін зиянды заттарда. Олар түтін арқылы өкпеге түсіп, қатерлі ісік пен жүрек-қантамыр аурулары сияқты көптеген аурулардың даму қаупін еселеп арттырады. Ал түтінсіз баламалар дәстүрлі темекінің орнына қолданылғанда, бұл қауіптер төмендейді. Себебі жану мен түтін болмағандықтан, канцерогендер мен басқа да қауіпті заттар шегушінің өкпесіне түспейді.
Швед тәсілінің тиімділігін 2024 жылдың мамыр айында жарияланған Smoke-Free Sweden зерттеуі тағы бір рет дәлелдеді. Бұл зерттеу Швециядағы темекі шегудің рекордтық төмендеуін ғана емес, онкологиялық, жүрек-қантамыр және өкпе ауруларының айтарлықтай азайғанын көрсетті. Мысалы, Қазақстанмен салыстырғанда, Швецияда темекі шегуге байланысты жүрек-қантамыр ауруларынан болатын өлім-жітім 32%-ға, жалпы темекіге байланысты өлім-жітім 30%-ға төмен.
Осылайша, швед тәжірибесі мен снюсты сатуға рұқсатты АҚШ-тың FDA агенттігі ұзартуы темекіге қарсы күресте жаңа мүмкіндіктер ашады. Қазақстанда снюсқа тыйым салынғанына қарамастан, Швецияның түтінсіз баламаларды қолдау тәжірибесін зерттеп, оның үздік тәжірибелерін енгізу әлі де кеш емес.