АҚШ-тың бұрынғы президенті Трампқа жаңа айып тағылды
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трампқа 2020 жылғы сайлауға қатысты іс бойынша айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Джорджия штатының Фултон округіндегі үлкен қазылар алқасы Дональд Трампты 2020 жылғы сайлауда қылмыстық істі ұйымдастырды деп айыптады.
Айыптау қорытындысы бойынша, Трампқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдарды бұзды, мемлекеттік қызметкерлерді анттарды бұзуға итермеледі және жалған құжат жасау үшін сөз байласты деген айыптар тағылған.
Трамп қылмыстық іс бойынша жалғыз айыпталушы емес. Қазылар алқасының мүшелері Ақ үйдің бұрынғы адвокаты Руди Джулиани мен оның көмекшісі Марк Мидоузға да айып тақты. Барлығы 19 айыпталушы бар. Іс бойынша сотталушылар 25 тамыздан кешіктірмей сот алдына келеді. Іс алдағы алты айда басталады деп күтілуде.
Дональд Трамп бұған дейін өзіне қарсы сот ісін АҚШ-тағы 2024 жылғы президенттік сайлаудан кейінгі уақытқа шегеруге шақырған. Саясаткер соттардың бірі Айовадағы маңызды праймериз өтетін күнге жоспарланғанын атап өтті. Бұрынғы мемлекет басшысы тыңдауды сол күнге белгілеген арнайы прокурор Джек Смитті "шындықтан алыстаған адам" деп атады.
Шілде айының соңында Флорида штатының үлкен қазылар алқасы да Трампқа айып тақты. АҚШ-тың бұрынғы президенті ұлттық қорғанысқа қатысты құпия құжаттарды дұрыс сақтамағаны үшін айыпталды.