Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"АҚШ-тағы дефолттың кесірінен барлық ел зардап шегеді" - Байден

АҚШ-тағы ықтимал дефолт бүкіл әлемге қауіп төндіреді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Риа Новости сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

байден

Бұл туралы ел президенті Джо Байден Нью-Йорктегі іс-шарада мәлімдеді.

"Егер қарыз бойынша дефолт болса, бүкіл әлемде қиындықтар туындайды", – деді Ақ үй басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі дағдарысты республикашылар құрған. Ол дефолт жағдайында елдің экономикасы құлдырап, Вашингтонның халықаралық беделіне қатты әсер ететінін атап өтті.

Бұрын Байден Ақ үйдегі брифингте дефолт АҚШ экономикасына зиян тигізетінін мәлімдеген.

Сәрсенбіде Ақ үйдің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер Байден республикашылармен бюджет туралы келіссөздер жүргізуге дайын екенін айтты.

"Ол өзінің бюджет нұсқасын ұсынды және осылайша әрі қарай әрекет етеді. Жұма күні Конгресс басшылары президентпен сөйлесу үшін Ақ үйге келіп, кешегі әңгімені жалғастырады", – дейді Жан-Пьер.

Байден мен Өкілдер палатасының республикалық көпшілік көшбасшысы жұма күні бюджет шығындарын қысқарту туралы келіссөздерді жалғастыру үшін жиналады. Ақ үйдің баспасөз хатшысы атап өткендей, мемлекеттік қарыздың төбесін көтеруге қатысты мәселелер алдағы келіссөздердің тақырыбы болмайды.

"Қарызды шектеу туралы келіссөздер жүргізіп жатқан жоқпыз. Бұл біз жасайтын нәрсе емес. Бұл ешқандай шартсыз жасалуы керек. Конгресс шара қолдануы тиіс. Олар мұны 1960 жылдан бері 78 рет жасады. Бұл туралы президент те айтты. 200-ден астам жылда ешқашан дефолтқа ұшыраған емеспіз", – деп қосты ол.

Осы жылдың қаңтарында АҚШ 31,38 триллион доллар мемлекеттік қарыз шегіне жетті. Сәуір айында республикалық бақылаудағы өкілдер палатасы бюджет шығындарын қысқартудың орнына мемлекеттік қарыз шегін қосымша 1,5 триллион долларға ұлғайту туралы заң жобасын қабылдады. Алайда демократтар бақылайтын Сенат бұл ұсынысты мақұлдамады.

Мемлекеттік қарыздың шегі көтерілмесе, АҚШ үкіметі енді шығындарды жабу үшін қарызға ақша ала алмайды. АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен бірнеше рет республикашылдар мен демократтар мемлекеттік қарыз лимитін көтеру туралы келіссөздер жүргізе алмаса, билік 1 маусымда дефолтқа ұшырауы мүмкін деп ескертті.

Ал АҚШ өз тарихында бірде-бір рет дефолт жариялаған жоқ.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 11 Мамыр, 2023 08:09
Талқылау