АҚШ-та алғаш рет Нью-Йорк мэрі болып мұсылман тағайындалды
Фото: bloomberg.com
Америкада алғаш рет Нью-Йорк мэрі болып мұсылман тағайындалды. Демократ Зохран Мамдани 4 қарашадағы сайлауда 50,4% дауыс жинаған. Қалған кандидаттар: республикашыл Кёртис Слива – 7,1%, ал Нью-Йорк штатының экс-губернаторы Эндрю Куомо 41,6% дауыс алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мамдани 2024 жылдың қазан айында желіде АҚШ-тағы ең ірі қалалардың бірінің мэрі болатынын жариялаған. Десе де ол кезде көпшілік демократтың жеңетініне сенбеген еді. Зохран Мамдани миграциялық түбірі бар Америка азаматы. Ол Угандада, Үндістаннан шыққан отбасында дүниеге келген. Анасы – үнділік-америкалық белгілі кинорежиссер Мира Наир, әкесі үнді текті угандалық ғалым Махмуд Мамдани.
Зохран 5 жасқа толғанда отбасы Оңтүстік Африкаға қоныс аударып, екі жылдан соң Нью-Йоркке көшкен. Демократ АҚШ азаматтығын 2018 жылы, натурализация арқылы алған. 2025 жылдың басында сириялық түбірі бар суретші Рама Дуваджиге үйленген.
Сайлаудағы жеңісінен кейін Мамдани Нью-Йорк қаласының тарихындағы мэр лауазымына келген тұңғыш мұсылман болды.
Зохран Мамданидың саяси көзқарастары қандай?
Мамдани саясат саласында көзге тез түсті. Ол 2020 жылы Нью-Йорк штаты Ассамблеясының депутаты болып сайланды. 2024 жылы мэр сайлауына қатысатынын жариялаған кезде, оның Демократиялық партия атынан кандидат болу мүмкіндігі өте төмен деп бағаланған. Десе де Мамдани праймеризде жеңіске жетіп, 56,4 пайыз дауыс жинады.
Мамдани саясатқа келгенге дейін аз қамтылған тұрғындарға баспана мәселесінде көмек көрсету саласында жұмыс істеген. Сондықтан оның мэр ретіндегі басты уәделерінің бірі – қолжетімді тұрғын үй мәселесін шешу.
2017 жылдан бері ол АҚШ-тағы ең ірі социалистік ұйым – “Америка Демократиялық Социалистері” мүшесі. Оның негізгі бастамалары:
Байларға салынатын салықты арттыру;
2030 жылға қарай ең төменгі жалақыны 16,5 доллардан 30 долларға дейін көтеру;
Барлық балаларға тегін мектепке дейінгі білім енгізу;
Қалада автобустарда тегін жол жүруді кезең-кезеңімен іске қосу.
Өз сөзінде Мамдани: Адамдар түсінетін тілде сөйлеуіңіз керек. Егер адамның өз қаласында өмір сүруге ақшасы жетпесе, ол демократиялық құндылықтар туралы ойлануға уақыт таба алмайды”, – деп айтқан.
Мамдани мен Дональд Трамп арасындағы қайшылық
Нью-Йоркте дүниеге келіп, өскен Дональд Трамп Мамданиды ашық түрде сынайды. Сайлау қарсаңында ол Truth Social желісінде:
“Егер Мамдани Нью-Йорк мэрі болса, бұл қалаға қосымша көмек көрсетпейміз. Оларға көмекті аз береміз”, – деп жазды Трамп.
Бұған дейін Дональд Трамп Зохран Мамданиды “коммунистік есалаң” және “өз уақытын күтіп тұрған апат” деп атаған еді. Ал Мамдани өз кезегінде қала игілігі үшін президент Трамппен ынтымақтасуға дайын екенін, бірақ қорқытуға жол бермейтінін айтты.
“Егер сіз Нью-Йорк тұрғындарының өмірін қиындатып, қудалайтын болсаңыз, сізбен күресуге дайынмын”, – деді Зохран Мамдани Трампқа.
Нью-Йорк мэрі қызметі не үшін маңызды?
Нью-Йоркта 8,5 миллион адам тұратын әлемдегі ең ірі мәдени және қаржы орталық. Мұнда жыл сайын 65 миллионға жуық турист келеді. Қалада тұрғын үй, көлік және бюджет қаржыландыруына қатысты күрделі мәселелер бар.
Нью-Йорк мэриясының жылдық бюджеті 116 миллиард долла. Ал мэрия құзыретіне мектеп білімінен бастап полиция жұмысына дейінгі кең ауқымды салалар кіреді.
Айта кетейік, бұған дейін Лос-Анджелесте мигранттар наразылыққа шыққан еді. Ал оларды басуға Трамп Ұлттық гвардия әскердерін жіберген.
"Бағасы Еуропадан 10 есе төмен": Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келеді