Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Кариб теңізіндегі екі кемеге соққы жасап, бес адам қаза тапты

Фото: Х әлеуметтік желісі

31 желтоқсанда АҚШ әскери күштері Кариб теңізінде екі қайыққа соққы жасап, салдарынан бес адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

АҚШ Қарулы күштерінің Оңтүстік қолбасшылығы Х әлеуметтік желісіндегі мәліметінше, кемелерді террористік ұйымдардың мүшелері басқарған.

"Осы операциялар барысында барлығы бес наркотеррорист жойылды: үшеуі – бірінші кемеде, екеуі – екінші кемеде", — делінген шабуыл сәті түсірілген бейнежазба қоса жарияланған хабарламада. 

Соңғы бірнеше айда АҚШ есірткі тасымалдады деп күдікке ілінген катерлерді жою үшін қарулы күштерді бірнеше рет қолданған. Вашингтонның мәлімдеуінше, мұндай операциялар трансұлттық қылмыс пен есірткі саудасына қарсы күреске бағытталған.



Осы оқиғалардан кейін АҚШ пен Венесуэла арасындағы қатынас қатты нашарлады. АҚШ билігі Венесуэла президенті Николас Мадуроның билігін әлсірету үшін ЦРУ-ға бұл елде жасырын операциялар жүргізуге рұқсат берген. Сонымен қатар АҚШ бас прокуроры Мадуроны қамауға алуға көмектесетін мәлімет бергендерге 50 миллион доллар сыйақы ұсынды. Вашингтон Венесуэла басшысын террористік топтарды пайдаланып, АҚШ-қа есірткі тасымалдады деп айыптап отыр. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 01 Қаңтар, 2026 08:49