Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ Иранмен байланысты соғыс шығындарын араб елдері төлегенін қалайды

Израиль Иранның әлемдегі ең ірі газ кен орнына соққы жасады: Мұнай бағасы күрт өстіФото: Associated Press

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт АҚШ президенті Дональд Трамптың Иранмен соғыс шығындарын араб елдері қаржыландыруға мүдделі екенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Кэролайн Левиттің айтуынша, АҚШ президенті араб елдерін соғыс шығындарын төлеуге шақыруы мүмкін. Левитт бұл мәселе бойынша Трамптың өзі кейінірек толығырақ пікір білдіруі мүмкін екенін айтты.

Ол бұл туралы баспасөз конференциясында журналистердің араб елдері қаржылай көмек көрсетуге дайын ба деген сұрағына жауап беру кезінде айтты.

"Президенттің араб елдерін бұл мәселеге тартуға қызығушылық танытуы мүмкін. Нақтысын қазір айта алмаймын. Бірақ оның мұндай ойы бар. Сондықтан бұл туралы әлі де еститін боласыздар", – деді Левитт.

Ақ үй өкілі сондай-ақ Иранмен келіссөздер жалғасып жатқанын және сәтті жүріп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Тегеранның ашық мәлімдемелері мен АҚШ өкілдеріне жабық түрде айтатын сөздерінің арасында айырмашылық бар.



"Жария мәлімдемелер мен түрлі ақпараттарға қарамастан, келіссөздер жалғасып жатыр және жақсы жүріп жатыр. Ашық айтылған сөздер мен бізге жеке жеткізілетін ақпарат арасында айтарлықтай айырмашылық бар", – деді ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, Иранның АҚШ-қа жабық форматта жеткізген барлық мәлімдемесі тексеріледі. Вашингтон Тегеранның берген уәделерін орындауын қадағалайды.

STAN.KZ
Сейсенбі, 31 Наурыз, 2026 10:06