Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

30 мың алматылықтың өміріне қауіп төніп тұр: Төтенше жағдайлар министрлігі Ақсай бөгетінен өрескел заңбұзушылықтар анықтады

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Ақсай бассейніндегі селді ұстау бөгетін тексеру барысында қауіпті бұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

бөгет скрин

Ақсай бөгеті, видеодан скрин

Алматы қаласы, Ақсай өзені бассейнінде селді ұстайтын бөгет салу жұмысын іске асыру керек серіктестік иелері, аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілікті. Залал сомасы алдын ала болжам бойынша – 775 млн теңгеден асады. Қаржы мониторингі агенттігі еліміздің үш облысында су тасқынының алдын алу жұмыстарын атқаруға тиіс мердігерлерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

"Ақсай" бассейніндегі селді ұстайтын бөгетті тексеру кезінде мердігер компанияның объектіні салу кезінде тиісті міндеттемелерін орындамауына байланысты белгілі бір бұзушылықтар анықталды. Соның салдарынан Алматының 30 мыңға жуық тұрғынының өміріне қауіп төніп тұр. Осыған байланысты оларға "Қазселденқорғау" басшылығының алдында процестік шешім қабылдау үшін қаржылық мониторинг жөніндегі агенттікке тиісті материалдарды беру туралы мәселе көтерілді", – деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі. 

Ведомство өкілдері тексеру қорытындысы бойынша мердігер ұйымның жауапты тұлғаларына қатысты бюджет қаражатының ұрлануы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын атап өтті.

Protenge Telegram-арнасының дерегіне сүйенсек, Ақсай бөгетін салу 22 миллиард теңгеге бөлінгенімен, 4 жылдан бері дайын емес. Бөгетке ақша 2020 жылы пандемия кезінде жеделдетілген бәсекелестікпен бөлінген екен. Құрылым 2022 жылдың соңына дейін аяқталуы керек еді, бірақ оның сапасы мен мерзіміне қатысты заңбұзушылықтар бары анықталған.

Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тексеріп, жұмыс бекітілген жобадан ауытқып, "су шығаруға арналған өту галереясы мен екі су шығару галереясын бір жобаға біріктіру арқылы" жүргізілгенін анықтады. Заңбұзушылықтар өрескел деп танылғаны сонша, мердігер "ТОЛАҒАЙ -2050" ЖШС-мен жұмысты тоқтату жөнінде шешім шығарылып, келісімшарт толығымен бұзылған.

Салдарынан 2023 жылдың тамызға дейін бөгет құрылысы бес ай тоқтап тұрды. Содан бері бөгетке тапсырыс берген “Қазселденқорғау” мердігер компаниямен соттасып келеді.

Бөгет Алматыдағы Наурызбай ауданын ғана емес, Алматы облысының Қарасай ауданын да селден қорғау үшін салынуы тиіс еді. Ақсай өзені бассейні сел қауіптілігінің бірінші санатына жатады, оның жоғарғы ағысында 18 сел қауіпті аумақ, 25 мұздық, 16 мореналық және мұздық көлдер бар екені хабарланды.

Бұған дейін Қазақстанда бұзылған бөгеттерді салған компанияларға қатысты тергеу басталғанын хабарлаған едік. 

Талқылау