Ақорданы салған: Астанада атақты құрылыс компаниясының үйі 8,9 миллиард теңгеге сатылымға шықты
Фото: mabetex.com
Астанада атақты құрылыс компаниясының үйі 8,9 миллиард теңгеге сатылымға шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанадағы элиталық Saranda коттедж қалашығында қаладағы ең қымбат үйлердің бірі сатылымға шығарылды. Үй иесі жекежайын 8 миллиард 90 миллион теңгеге бағалаған. Үй орналасқан жер телімі шамамен 2,4 гектар, ал үйдің өзі 2100 шаршы метрді құрайды. Үйге жаңа жөндеу жүргізілгені, толықтай жиһазбен берілетіні жазылған.
Үй кірпіштен салынған, жертөлесі бар және жеке тұрғын үйге арналған. 2,4 гектар аумақта гараж, бақша, жазғы ас үй, мангал аймағы, балалар алаңы, бассейн, монша, сауна және шаруашылық ғимараттары орналасқан.
Қауіпсіздік үшін дабыл жүйесі, бейнебақылау және күзет қызметі де бар.
Saranda – Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан жабық VIP-қалашық. Қалашықты Mabetex Group құрылыс компаниясы салған. Компания 1991 жылы инженерлік-құрылыс компаниясы ретінде жұмысын бастаған. Ал негізін қалаушы Беджет Паколли Қазақстанда I дәрежелі “Достық” орденімен марапатталған. Компанияның бас кеңсесі Швейцарияның Лугано қаласында орналасқан.
Айта кетейік, компанияның жобаларының қатарында EXPO кешені, Ақорда резиденциясы, Астана әуежайы секілді Астанадағы атақты ғимараттар бар.
"9 жаста етеккірі келіп, мастурбация жасайды": Қазақстандық ата-аналар балаларындағы ерте жыныстық жетілу белгілеріне алаңдаушылық білдірді