Қазақстандық құтқарушылар қолайсыз ауа райында арнайы техникаға жол көрсету үшін 30 шақырымды жаяу өткен

Ақмола облысының үш құтқарушысы жойқын боранда кезек-кезек алмасып, құтқару техникасының алдында 30 шақырымды жаяу жүріп өтті. Олар эвакуацияланған 18 адамды жылыту пунктіне жеткізу үшін техникаға жол көрсетіп отырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, Шортанды – Жолымбет автожолының шамамен 50 шақырымдық учаскесінде қатты боран салдарынан алты түрлі жерде 12 көлік қар құрсауында қалған. Көліктерде 16 ересек адам және екі бала болған. Ең кішкентайының жасы небәрі сегіз ай ғана.
“Адамдарға көмекке батпақта жүре алатын арнайы жол талғамайтын техникамен Шортанды аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің құтқарушылары шықты. Эвакуацияға №18 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Ілияс Әубәкіров, аға өрт сөндіруші-құтқарушы Диас Менкин және өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі Тұрсын Хабыл қатысты. Бір сәтте ауа райы күрт нашарлап, көріну деңгейі дерлік нөлге түсті. Сол себепті техниканы жаяу жүріп бастап жүру туралы шешім қабылданды”, – деді Ақмола облысы ТЖД ресми өкілі Ерсаин Қойшыбаев.
Осылайша үш құтқарушы жойқын боранда кезек-кезек алмасып, құтқару техникасының алдында 30 шақырымды жаяу жүріп өтіп, жылыту пунктіне баратын жолды көрсетіп отырды. Соның арқасында 18 эвакуацияланған адам қауіпсіз жерге жеткізілді.
Тұрғындар аман-есен Жолымбет кентіне жеткізіліп, оларға тамақ пен түнейтін орын ұйымдастырылды.
Кейін қар құрсауынан құтқарылған адамдар құтқарушыларға бейнеүндеу жолдап, олардың ауыр әрі қауіпті еңбегі үшін алғыстарын білдірді.
"Құтқарушылар көлікті жаяу алып жүрген": Павлодар облысында қатты дауыл болып, адамдар жолда қалды
Астана – Қарағанды тасжолында боран салдарынан жаппай жол апаты болды: Бір адам қаза тапты
Айта кетейік, бұған дейін суға батып бара жатқан балықшыны құтқармақ болған қазақстандық құтқарушы қаза тапқаны хабарланған еді.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған