Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола және Қарағанды облыстарында карантин ұзартылды

Ақмола және Қарағанды облыстарының бас мемлекеттік санитар дәрігерлерінің қаулылары жарияланды,  деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

карантин

Ақмола облысы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, облыс аумағында шектеу іс-шараларын өткізу эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін жалғасады.

Облыс тұрғындарының сағат 23.00-ден таңғы 6-ға дейін жүріп-тұруы шектеледі, бұл талапқа бұған жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарының, жедел және кезек күттірмейтін көмек қызметкерлері және тіршілікті қамтамасыз ету кәсіпорындары мен стратегиялық объектілерде жұмыс істейтін басқа да қызметкерлер кірмейді.

65-тен асқан адамдарға, егер қажет болмаса, тұрғылықты жерінен сыртқа шығуға болмайды. Саябақтарға, скверлерге және басқаларына үш адамнан аспайтын топтарда немесе бір отбасы мүшелерімен баруға рұқсат етіледі.

Отбасылық және естелік іс-шараларды өткізуге тыйым салынады. Жерлеу рәсімін өткізу кезінде кемінде 2 метр қашықтықты сақтау керек, 30-дан астам адам жиналуына рұқсат берілмейді. 

Ойын-сауық мекемелеріне де тыйым салынған (караоке, бильярд, түнгі клубтар, боулинг, кальян), сондай-ақ фудкорттары мен банкет залдарының жұмысына тыйым салынады. Мешіттер мен шіркеулер тек 30 пайыз толтырумен жұмыс күндері ашылады. Қоғамдық тамақтану нысандары таңғы 8-ден түнгі 22-ге дейін жұмыс істейді, келушілер саны 30-дан аспайды.

Сондай-ақ, азық-түлік дүкендерінің жұмысы сағат таңғы 9-дан түнгі 22-ге дейін шектелген. Таксилер бір уақытта тек екі жолаушыны тасымалдай алады.

Ақмола облысы бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысының толық мәтінімен мына жерде танысуға болады.

Ал Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 2000 шаршы метрден астам сауда орталықтары мен жабық базарлардың жұмысы жексенбі және мереке күндері шектеледі.

Сенбіде сауда үйлері, сауда орталықтары мен жабық базарлар кешкі сағат 17:00-ге дейін, толтырылуы 30 пайыздан аспай жұмыс істейді.

Бұдан басқа, құжатта сауда залдарының холлдарында, кооридорларда әрбір 50-100 метр сайын, лифтілерге, санитариялық тораптарға кіре берісте, сондай-ақ әрбір бутикте көрінетін қолжетімді орындарда санитайзерлердің болу қажеттілігі атап көрсетіледі. Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына енгізілген өзгерістермен толығырақ мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Талқылау