Ақмола облысында сұмдық апаттан көз жұмғандар көліктен шыға алмай қиналған
Ақмола облысында жантүршігерлік жол апатынан 4 адам қаза тапты. Бурабайдан Астанаға келе жатқан таксиге екі бірдей автобус соғып, ішіндегі үш жолаушы әйелді тірідей езіп тастаған, деп хабарлайды КТК арнасының сайты.
Ал тас-талқаны шыққан машинадағы марқұмдарды шығаруға тұра ұмтылған кездейсоқ жүргізушіні жолаушығы лық толы екінші автобус таптап өтіпті. Апаттан тірі қалған такси жүргізушісі мен марқұм келіншектің бірінің кішкентай ұлы ғана.
«Астана-Бурабай» тас жолында болған апат бірнеше отбасыға қайғы әкелді. Ақтүтек боранда, жол ортасына тұрып қалған жеңіл көлікке бірінен соң бірі екі бірдей автобус соғылып, ішіндегі 50, 32 және 22 жастағы үш жолаушы әйелді тірідей езіп тастапты. Қайта «Ниссан Цефироның» жүргізушісі алдыңғы есіктен келіншектердің бірінің 3 жасар ұлын шығарып үлгерген. Артқы есігі құлыптанып қалмағанда, марқұмдарды құтқаруға болатын еді,- дейді куәгерлер. Ал ажалдан арашалауға тұра ұмтылған басқа жүргізушіні қатты жылдамдықпен келген басқа автобус басып кеткен.
Жолаушылар автобусының да, «Ниссан Цефироның» да жүргізушілері дін аман. Ал 4 адамды ажал құштырған апаттан тірі қалған кішкентай Данил ғана. Анасынан қапыда айырылып, қақаған аязда қалған бөбекті үйлеріне алып кеткен куәгерлер оны әкесіне тапсырыпты. Болжам бойынша, жантүршігерлік оқиғаға ақтүтек боран себеп.
“Қазір ауа райы құбылмалы. Сондықтан жолдың жабылғаны туралы хабарлама түскенде, тұрғындардың ұзақ жолға шықпауын сұраймыз. Алайда, ескертуге құлақ аспайтындар көп”, – дейді ҚР ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Демалыс күндері Астанадан Бурабайға демалуға ағылатындар көп. Сенбідегі сұмдық апат жолға шыққан мыңдаған адамды есеңгіретіп тастағаны анық. Оның үстіне жол бойы қираған машинаға лық толы. Көмекке шыққан құтқарушылар мен полицейлердің қызметтік көлігі де, соқтығысып қалған.
Қазір тек Шығыс Қазақстанға апарар жолдар уақытша жабылған. Басқа республикалық трассалар ашық. Бірақ, қаһарлы қыстың мінез көрсетуіне байланысты бір ашылып бір жабылып жатыр. Ал синоптиктердің болжамынша, боран мен бұрқасын алдағы бірнеше күнде басылмайды.
Жіберіп алмаңыз:
Шымкентте көлігімен адам қаққан жігіт лауазымды туысының атын жамылып қорқытқан
Жамбыл облысында жүк көлігінің жүргізушісі жарылған дөңгелегін ауыстыратын зат тапты (видео)
Ақтөбе облысында ер адам темекісін бермеген танысып ұрып өлтірді
Ақтауда қуаттандырғышта тұрған ұялы телефонның кесірінен 7 айлық сәби көз жұмды