Ақмола облысында прокурор автокөлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін іліп алып, көлік басқарған
Ақмола облысында автокөлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін қойып алған аудандық прокурорға айыппұл салынды. Сот актісіне сәйкес, аудан прокуроры 2017 жылдың 24-ші қарашасында Щучинск қаласында Toyota Land Cruiser маркалы автокөлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін іліп алып, көлік басқарған.
Бұл туралы Sputnik Қазақстан-ға сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Полиция оның үстінен ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 4-бөлігіне сәйкес (Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiсі бар көлiк құралын басқару) әкімшілік хаттама жасады.
Бурабай аудандық сотының шешімімен заң бұзған шенеунік кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК көлемінде яғни, 45 мың 380 теңге әкімшілік айыппұл салынды.
Ал сот шешіміне келіспеген заң бұзушы Ақмола облыстық сотына шағымданды. Ол көліктің мемлекеттік тіркеу нөміріне мүлде назар аудармағанын айтты.
Прокурдың сот үкіміне шағым білдіргеніне қарамастан, азаматтық істер жөніндегі сот алқасы Бурабай аудандық сотының шешімін өз күшінде қалдырды. Шешім 28 ақпанда жарияланды және күшіне енді.
Бурабай ауданының прокуратурасы хабарлағандай, заң бұзушылық жасаған қадағалау бөлімінің бұрынғы басшысы бір ай бұрын өз өтініші бойынша қызметінен кеткен.