"Қандай проблема бар?": Ақмола облысының әкімін жол бойындағы дәретханалар туралы сұрақ ашуландырды
Фото: CABAR.asia
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Астана- Бурабай тасжолы бойындағы жол бойы дәретханаларының жағдайына қатысты журналистің сұрағына эмоционалды түрде жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте әкімнен жол бойындағы дәретханалардың қазіргі жағдайы және оларды жақсарту бойынша қандай шаралар жоспарланып отырғаны сұралды.
Марат Ахметжановтың айтуынша, Астана-Бурабай жолының бойында 28 дәретхана орнатылған және олардың жұмысына "ҚазАвтоЖол" мекемесі жауапты.
"Жол бойында 28 дәретхана бар. Оларға “ҚазАвтоЖол” қызмет көрсетеді. Қандай проблема бар? Әлде тағы да негізсіз сөз бе? Мен өзім барып, тоқтап көрдім. Таза, жайлы, жылы. 230 шақырымда 28 дәретхана бар. Осындай сұрақтарды қайдан аласыздар? Қайсысы жабық немесе істемейді? Мен өзім жеке барып тексеремін", - деді әкім.
Ол барлық дәретхана нашар жағдайда деген пікірді негізсіз деп атап, бұл мәселе тікелей оның құзыретіне кірмесе де, жол бойындағы нысандарды жеке тексеріп жүргенін айтты.
Айта кетейік, 2020 жылы "ҚазАвтоЖол" компаниясы 23 миллион теңгеге салынған жол бойындағы дәретханаларды таныстырған. Сол нысандардың бірқатары Ақмола облысындағы Астана - Щучинск жолының бойында орнатылған.
Бұған дейін туристер Бурабайдағы жұмыс істемейтін дәретханаларға шағымданған. Сол кезде демалушылар серуен аймақтарындағы дәретханалардың ешқайсысы жұмыс істемейтінін айтқан.
Осыдан кейін "Бурабай" ұлттық паркі қараша айында орталық алаңда тәулік бойы болмаса да, тұрақты жұмыс істейтін дәретхана (жұмыс уақыты 08:00-ден 22:00-ге дейін) ашылатынын хабарлаған болатын.
Журналист Бурабай курорттық аймағын дамыту үшін алдағы төрт жылға 137 миллиард теңге қарастырылғанын, әр жылы Щучинск-Бурабай курорттық аймағына 20 млрд теңгеге дейін жеке инвестиция тарту жоспарланып отырғанын айтты. Алайда бұл жаққа баратын жолдардағы дәретханалардың жағдайына тұрғындар ылғи шағымданады, осы мәселе қолға алына ма, қандай шаралар жүзеге асады деп сұрады.
"Бұл мәселе шешіліп жатыр. Курорттық аймақ Ұлттық парктің меншігінде. Жол бойында "ҚазАвтоЖолдың" 28 дәретханасы бар. Бурабай парктінде қосымша тағы 12 дәретхана ашылады. Биыл туристік маршруттар ашылды. Әрине, халықтың жайлы демалуы үшін біз сервистік жағынан шара қолданамыз", - деді әкім.
“Сыйлықтар сыйлап, кемінде бір пәтер алғызатын адам”: Неліктен қазақстандық бойжеткендер тоқал болуға келіседі