Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев: "Жаңа мектептер салынып, көше жолдары жөнделіп жатыр"

Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, өңiрдегi бiрқатар әлеуметтiк және өнеркәсiптiк нысандардың жұмысымен танысты. Ауданда жүргiзiлiп жатқан құрылыс алаңдарына ат басын бұрып, алда тұрған маңызды мiндеттердi пысықтап, нақты тапсырмалар бердi, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әкiмнiң жұмыс сапары Арайлы ауылында 2014 жылдан берi салынып жатқан 300 орындық мектептi аралап көруден басталды. "Халықаралық құрылыс консорциумы" серiктестiгi жүргiзiп жатқан жобаның құны 758 миллион теңгенi құрайды. Мектеп құрылысы басталғалы берi қосалқы мердiгер компания бес рет ауысыпты. Тек былтыр ғана құрылыс қарқын ала бастапты. Жоспарға сәйкес, мектеп алдағы тамыз айында пайдалануға берiлуi тиiс. Алайда құрылыс жұмыстары үстiмiздегi жылдың сәуiр айынан тоқтап тұр екен. Оны жалғастыруға қаржы мәселесi жеткіліксіз. Екi қабаттан тұратын мектептiң сырты толық бiткен. Ендi тек iшкi әрлеу жұмыстары, есiктерiн орнату мен еден төсеу қалған. Осы орайда, облыс әкiмi мердiгер компанияны қатты сынға алды.

"Мен бұл құрылыс алаңында былтыр мамыр айында болғанмын. Сонда сiздер мектептi өткен оқу жылында тапсырамыз дегенсiздер. Бұл не қылған жауапсыздық. Жобаға ақша жеткiлiктi бөлiндi. Қалғанын тек құрылысты бiтiрген соң ғана аласыздар", - дедi Ермек Маржықпаев. Әкiмнiң сын-ескертпелерiнен кейiн бас мердiгер компания басшысы Ерден Нұрабаев мектептi биылғы қыркүйекке дейiн салып бiтiруге уәде бердi.

Бұдан кейiн облыс әкiмi Ақмол ауылындағы "Samhat" аяқ киiм фабрикасына ат басын бұрды. Фабрика директоры Асхат Исабеков әкiмге аяқ киiм жасау цехтарын түгел аралатып көрсетiп, үстiмiздегi жылдың қыркүйегiнде фабриканың қуаттылығы артатынын айтты. Өйткенi, мұнда "Даму" қоры арқылы субсидияланған 100 миллион теңгеге жаңа құрал-жабдықтар әкелiнген. "Samhat" шығарған аяқ киiмдер елордадағы "ЖанНұр" сауда үйiнде сатылады, әрi Ресейге экспортталады. Бiр сөзбен айтқанда сұраныс жоғары. Себебi, аяқ киiмнiң сапасы жақсы. Шеберлер өндiрiсте табиғи таза терiнi пайдаланады. Өткен жылы мұнда 45 мың жұп аяқ киiм жасалыпты. 2020 жылдың жарты жылында аяқ киiм өндiрiсi 70 мыңға жеткен. Қазiр мұнда 40 адам еңбек етуде. Фабрика толық қуатында жұмыс iстеген кезiнде 150 адамды жұмыспен қамту мүмкiндiгiне ие болады. Әзiрге кейбiр мамандардың жоқтығы қолбайлау болып отыр. Мәселен, технолог, механик, тiгiншi тәрiздi бiрнеше мамандық бойынша маман қажет. Фабрика бүгiнгi таңда ерлер мен әйелдер аяқ киiмiн, әскери-күштiк құрылымдарға, жұмысшыларға арналған аяқ-киiм шығарады.

Қажымұқан ауылында болғанында әкiм мұндағы көше-жол желiлерiне жүргiзiлiп жатқан күрделi жөндеудiң, сондай-ақ, 300 орындық мектеп пен су құбыры желiлерi құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Қажымұқан ауылында үш ауысымдық оқыту өзектi мәселе болатын. Биылғы жаңа оқу жылында 300 орындық жаңа мектептiң ашылуымен бұл проблема шешiмiн табады. Қазiр ауылда мектеп құрылысы қарқынды жүрiп жатыр. Тiптi, екiншi қабаттағы кабинеттерге парталар

орналастырылып қойыпты. Мектептi аралап көрген Ермек Маржықпаев құрылыс жұмыстарының сапасында бiрқатар кемшiлiктердi байқап, оларды түзетудi тапсырды. Жақында Қажымұқан ауылында су құбыры желiлерiнiң құрылысы аяқталып, ауыл толықтай сапалы ауыз сумен қамтамасыз етiледi. Әкiм тұрғындарды ғаламтор мәселесiн толғандыратынын айтып, оны тез арада шешудi тапсырды. Аудан басшысы Бақытбек Оспанбековтың айтуынша, қазiр билайн компаниясымен келiссөздер жүргiзiлiп жатқан көрiнедi. Ауылда бұрыннан қордаланып келген жол мәселесi де шешiлуде. Осы күнi ауылiшiлiк 46 шақырым жол салынуда.

Ал, Талапкер ауылында салынып жатқан жолдардың сапасына облыс әкiмiнiң көңiлi толмады.

Жолдарға қатысты кемшiлiктердi жоюға және жыл соңына дейiн электрмен жабдықтау мәселесiн шешуге аудан әкiмiне тапсырма бердi. Бүгiнде талапкерлiктердi электрмен жабдықтау мәселесi толғандыруда. Тұрғындармен кездесу барысында облыс әкiмi оларға мән-жайды түсiндiрiп, электрмен жабдықтауға қатысты арнайы жол картасы әзiрленетiнiн жеткiздi.

Үстiмiздегi жылы Талапкерде көкөнiс сақтау қоймасы пайдалануға берiледi. Кәсiпкер, "ПКФ Табыс" серiктестiгiнiң директоры Евгений Самусевич қойманың 80 пайызында картоп сақтамақшы. Нұр-Сұлтан қаласының азық-түлiк белдеуiн қамтамасыз ету аясында бұл көкөнiс сақтау қоймасының қажеттiлiгi зор. Мемлекет кәсiпкерге жол салуда, электрмен жабдықтауда қол ұшын бередi. Тек, су тартуда әзiрге қиындықтар бар. Көкөнiс сақтау қоймасына су торабын жеткiзу үшiн үш жылдай уақыт керек.

Осылайша ауданда биылғы жаңа оқу жылында бiрнеше бiлiм ошағы пайдалануға берiлмекшi. Оның бiрi Арайлы ауылындағы 300 орындық мектеп болса, оған қоса, Қажымұқандағы 300, Қоянды ауылындағы 1200 орындық мектептер де оқушыларға есiгiн айқара ашады. Қояндыда мемлекеттiк бағдарлама аясында салынып жатқан бiлiм ошағы көз тартады. Мұнда үлкен спортзал, мультимедиялық кабинеттер болады. Ал, мектеп ауласында оқушылардың спортпен айналысуы үшiн жасанды шөп төселген футбол және баскетбол алаңдары бар. Облыс әкiмi құрылысты жүргiзiп жатқан "Заводстрой" серiктестiгiнiң басшыларына алғыс бiлдiрiп, алдағы тамызда мектептiң ашылуына арнайы келетiнiн айтты.

Ауданға жұмыс сапары барысында Ермек Маржықпаев Қосшы ауылында салынып жатқан 1200 орындық мектеп пен бiр ауысымда 100 пациенттi қабылдауға арналған емхананың құрылысын, ауылдағы Рақымжан Қошқарбаев атындағы бiрiншi мектепке «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргiзiлiп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын көрдi. Сондай-ақ, Қабанбай батыр ауылындағы "Grinstar агрофирмасы" серiктестiгiнде болып, Талапкер, Қосшы ауылдарында көше-жол желiлерiнiң құрылыс жұмыстарымен де танысты және барлық жобаларды белгiленген мерзiмде аяқтауды тапсырды.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр