Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жаңа пәтердiң кiлттерiн табыс еттi

Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы күнi қарсаңында қалалық және аудандық полиция бөлiмшелерiне қызметтiк автокөлiктердiң, бiрқатар қала тұрғындарына "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында жаңа пәтердiң кiлттерiн табыс еттi, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

 

Облыс орталығының Абылай хан алаңында өткен салтанатты шарада аймақ басшысы полиция қызметкерлерi мен қала тұрғындарын астана күнiмен құттықтады.

"Бұл күн әрбiр қазақстандық үшiн маңызды мереке. Елiмiздiң төрiнен аз уақыттың әсем қала бой көтердi. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбегiнiң жемiсi. Бүгiнде Нұр-Сұлтан қаласы саяси-экономикалық iрi орталық ретiнде әлем елдерiнiң беделдi астаналарының қатарына ендi. Мемлекеттiк маңызы зор Астана күнi қарсаңында бiз барлық аудандық және қалалық полиция бөлiмшелерiн қызметтiк автокөлiктермен қамтыған дұрыс деп шешiм қабылдадық, — дей келе, полиция бөлiмшелерiнiң қызметкерлерi мен учаскелiк полиция инпекторларына автокөлiктердiң кiлттерiн табыс еттi. Бұл автокөлiктердiң 20-сы полицияның кезекшi бөлiмдерiне, ал 18-i учаскелiк полиция инспекторларына берiлдi. Атап өту керек, биылғы жыл «учаскелiк полиция инспекторлары жылы", деп бекiтiлген болатын.

Қазiргi коронавирус пандемиясымен күреске, карантиндiк талаптардың сақталуын қадағалауға атсалысқан полицейлер медицина қызметкерлерiмен бiрге тәулiк бойы тiк тұрып еңбек етуде. Блок-бекеттерде сiңiрген еңбектерi де айтуға тұрарлық. Пандемиямен күрес кезiнде халық олардың көшеде жүрiп, тәртiптi күзетулерiне ерекше мән беруде.

"Қазiргi iндет дендеген уақытта тәртiп қатаң сақталуы керек. Iндеттiң таралмауына қосып жатқан үлестерiңiз үшiн барлық жеке құрамға және департамент бастығы, генерал-майор Арманбек Баймурзинге алғысым шексiз", - деген облыс басшысы бұдан әрi "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында салынған жаңа үйлердiң тұрғындарына пәтер кiлтiн табыстау салтанатына қатысты. Сарыарқада бой көтерген №9/9 үйде 80 отбасы өздерiнiң қоныс тойын тойлайтын болады. Бұрын мұндай салтанатты рәсiмге пәтерге ие болып жатқан отбасылардың барлық мүшелерi қатысып, қуаныштарымен бөлiсетiн. Алайда, қазiргi жұқпалы iндетпен күрес кезiнде салтанатты шараға карантиндiк талаптарды сақтай отырып, отбасылардың тек бiр ғана мүшесi қатысты.

"Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттi дамытудағы саяси бағыттарының бiрi - әр қазақстандықтың баспанамен қамтылуы. Ал, бұл шара дәл осы мерекеге жарасып-ақ тұрғандай. Жыл басынан берi облыста 15 мың шаршы метрдi қамтитын тұрғын үйлер пайдалануға берiлiп, 750 отбасы баспаналы болды. Жыл соңына дейiн әлi де 50 мың шаршы метрдi қамтитын тұрғын үйлер тұрғызылмақшы. Соңғы бес жылда облыс орталығында тұрғын-үй құрылысы саласында үлкен жұмыстар атқарылып, жоғарғы көрсеткiшке қол жеткiзiлдi. Мұның жарқын бiр бейнесi Сарыарқа шағын ауданының бой көтеруi. Онда соңғы жылдары 45 көппәтерлi үйлер салынып, 3 мың пәтер кiлтi иелерiне тапсырылды және 14 үйдiң құрылысы бас-талды. Осы жылы Көкшетау қаласында 41 мың шаршы немесе 800-ге жуық жалдамалы және несиелiк пәтерлер пайдалануға берiлетiн болады", - дедi облыс әкiмi.

Баспаналы болған отбасыларға кiлт табыстау кезiнде алты баланы дүниеге әкелiп, тәрбиелеп отырған көп балалы ана Гүлайым Ерғалиева сөз алып, Елбасының салиқалы саясаты мен мемлекеттiк бағдарламалардың орындалуына өңiрiмiзде бас-көз болып жүрген аймақ басшысына алғысын бiлдiрдi. Ол осыдан 10 жыл бұрын облыс орталығына отбасымен қоныс аударыпты. 6 қызы бар ананың сүт кенжесi небары бiр жарым жаста екен.

Салтанатты шаралардан соң, өңiр басшысы Сарыарқа және Көктем шағын аудандарының аралығындағы жол құрылысы жұмыстарының барысымен танысты. Мердiгер компания - "Daloraz Construction" жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi. Бұл аралықтағы жолдың ұзындығы 1,2 шақырымды құрайды. Әкiм мердiгер мен құрылысшыларға жұмыстың сапасына назар аударуды тапсырды.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкiлдерiмен пiкiр бөлiскен Ермек Боранбайұлы Астана күнiмен құттықтай келе, бүгiнде көрiктi Көкшетау қаласы құрылыс алаңына айналып отырғандығына баса назар аударды. Биыл облысқа республикалық бюджеттен «Жол картасы» бағдарламасы аясында 45 миллиард теңге қаржы бөлiнген. Бұл қаржы аудандар мен қалалардағы әлеуметтiк маңызы бар нысандарды ағымдағы жөндеу, күрделi жөндеу, жол құрылысы, аулаларды абаттандыру секiлдi жұмыстарға пайдаланылып жатқандығын айтты. Биыл облыс орталығында алдағы күзде өткiзiлетiн форум аясында да елеулi жұмыстар атқарылуда. Көшелер жаңартылып, заманауи зәулiм ғимараттар бой көтеруде.

 

Ырысалды ШАМШИЕВА,

"Арқа ажарының" өз тiлшiсi.

Суреттердi түсiрген Берiк ЕСКЕНОВ.

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр