Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысындағы тас жолда соқтығысқан көлік саны 95-ке жетіп, он бір адам ауруханаға жеткізілді

Ақмола облысындағы Астана-Петропавл тас жолында болған ірі жол апатына ұшыраған көліктер саны 95-ке жетті. Ірі жол-көлік оқиғасынан кейін зардап шеккен 11 адам ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ҚазАвтоЖол

Полиция мәліметінше, 95 көліктің соқтығысуына жүргізушілердің белгіленген жылдамдықты сақтамауы себеп болды. 

"3 қаңтарда сағат 07.20-да ауа-райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар Астана – Петропавл (18–232 км) автожолының учаскесінде көліктің барлық түрлері үшін қозғалысқа шектеулер енгізілді. Сағат 12.30-да ауа-райы жақсарып, жол тазартылғаннан кейін полиция департаменті қызметкерлері мен "ҚазАвтоЖол" арнайы техникасының сүйемелдеуімен Астана қаласына қарай қозғалыс ұйымдастырылды. Алайда, жүргізушілердің белгіленген жылдамдық пен қауіпсіз қашықтықты сақтамауы салдарынан сағат 13.28-де тас жолдың 153-ші шақырымында, Жаңаталап ауылының маңында 95-ке жуық автокөліктің қатысуымен жаппай соқтығыс болған", – делінген хабарламада.

Сондай-ақ түрлі дене жарақатымен 11 адам ауруханаға жеткізілді. 

"Жаппай апат салдарынан 11 адам түрлі дене жарақаттарымен Бұланды аудандық ауруханасына жеткізілді. Оның төртеуі ауруханаға жатқызылды", – деп хабарлады ведомстводан.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 70-тен астам адам жылыту орталықтарына жеткізіліп, азық-түлікпен қамтамасыз етілді.

Қазіргі уақытта жол учаскесінде зардаптарды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Оқиға орнында полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар қызметі және "ҚазАвтоЖол" мамандары жұмыс істеп жүр.

Астана-Щучинск жол учаскесіндегі кептелісті жою мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары бөлу қоршауын бұзып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, көлік ағынын айтарлықтай жақсартып, жүргізушілерге полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен өтіп, жолын жалғастыруға мүмкіндік береді.

Полиция мәліметінше, елордаға 400-ге жуық көліктен тұратын автоколонна ілесіп кетті. 

Полицейлер жүргізушілерден патрульдік полиция қызметкерлерінің талаптарын мүлтіксіз орындауды, олардың жұмысына кедергі жасамауды сұрады.

"Жүргізушілерді ауа райы жағдайын ескеріп, жолдарда өте сақ болуға және жағдай жақсармайынша бұл бағытта жүрмеуге шақырамыз", – деді полиция. 

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысындағы Біржансал ауданының Қоғам ауылы мен Қаратал ауылы арасындағы тас жолда 40-қа жуық көлік соқтығысқан еді. 

Талқылау