Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысындағы Шортанды ауданында Тілдер күні қарсаңында елуден аса шара өткізілді

Ақмола облысындағы Шортанды ауданында Тілдер күні аясында 50-ден аса шара өткізілген. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ербол Жапаровтың сөзінше, онкүндіктің ашылуы 5 қыркүйекте салтанатты түрде өткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ербо Жапаров

Тілдер күні аясында ауданда 60 адам қатысқан диктант ұйымдастырылған.

“Диктант "Ахмет Байтұрсынұлы – дәуірінің дара тұлғасы" деп аталды. Оған ауданымыздағы мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер қатысты. Соның ішінде 30 қазақ, 25 орыс және 5 өзге ұлт өкілдері бар. Сондай-ақ Тілдерді оқыту орталығының әлеуметтік желідегі парақшаларында Ахмет Байтұрсынұлының латын әліпбиімен жазылған ұлағатты сөздері жарияланды", – деді Ербол Жапаров. 

Бектау ауылдық үлгілі кітапхана желісінде Тілдер күніне орай "Тілдің мерейі – елдің мерейі" атты көрмесін ұйымдастырған. 

"Ал Ошақ ауылдық кітапханасы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай "Әлем және әлемдік" мұра атты бейнесюжет дайындады. Ал 16 қыркүйекте онкүндіктің жабылу салтанаты өтті", – деп қосты ол. 

Оның сөзінше, ауданда мемлекеттік тілді дамыту мақсатында түрлі семинарлар мен дәрістер жүргізіліп келеді. Сондай-ақ ауыл атауларын қазақшаландыру жұмыстары да атқаралып жатыр. 

"29 елді мекеннің 10-ның атауы қазақ, 19-ның атауы орыс тілінде. Барлығы 266 көше бар, 173 көшенің атауы қазақ тілінде болса, 93 көшенің атауы орыс тілінде. Жоспар бойынша иедологиялық тұрғыдан атауы ескірген 2 елді мекен мен 10 көшенің атауы ауыстыру жөнінде шешім қабылданды. Әрі Шортанды кентінде 11 көшенің атауын ауыстыру мәселесі талқыланды", – деп мәлімдеді Ербол Жапаров. 

Талқылау