Ақмола облысындағы аурухана науқастың өлімі үшін 5 млн теңге төлеуге міндеттелді
Ақмола облыстық сотында төрт жыл бұрын әйелге тиісті медициналық көмек көрсетпеген дәрігерлерге қатысты іс қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
2021 жылы Ақмола облысының 43 жастағы тұрғыны "гипергликемиялық жағдай" диагнозымен ауруханаға жеткізілген. Төрт сағаттан кейін дәрігерлер оның көз жұмғанын айтқан.
Марқұмның бауыры ауруханадан моральдық шығын өндіріп алу туралы талап арыз беріп, оның әпкесі медицина қызметкерлерінің өз кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы салдарынан көз жұмғанын алға тартқан.
Сот аурухананы моральдық шығын ретінде талапкерге 1,5 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Алайда талапкер бұл соманы аз деп тауып, сот шешіміне шағым түсірді.
"Ақмола облыстық соты істі қарау барысында денсаулық сақтау департаментінің қорытындысына сүйене отырып, пациенттің ішкі қан кету салдарынан қаназдықтан қайтыс болғанын анықтады. Дәрігерлер оның жағдайын дұрыс бағаламаған, емдеу диагностика хаттамаларына сәйкес келмеген. Консилиум, ультрадыбыстық зерттеу, тар бейінді мамандардың кеңесі және шұғыл ота жасалмаған. Көрсетілген медициналық қызмет сапасыз болып, науқастың жағдайын нашарлатып, оның өліміне әкелген”, – делінген ақпаратта.
Сарапшылардың пікірінше, уақтылы диагностика, мамандар кеңесі және хирургиялық араласу жасалғанда, әйелдің өмірін сақтап қалуға болар еді. 2021 жылы бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалған, алайда 2024 жылы қылмыстық жауапкершілік мерзімінің өтуіне байланысты іс жабылған.
"Істің мән-жайын, талапкердің моральдық азабын, кінәнің түрін (абайсыздық) ескере отырып, сот бірінші инстанция шешімін өзгертті. Моральдық шығын өтемақысының мөлшері 5 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды", – делінген сот хабарламасында.
Еске салсақ, осыған дейін Абай облысында перзентханаға өз аяғымен барған жүкті әйел ауруханада көз жұмғанын жазғанбыз.