Ақмола облысында жолдағы қар тазаланбағаны үшін шенеуніктер жазаланды
Ақмола облысында жолдарды күтіп ұстау мен жағдайына жауапты 14 шенеунік жауапқа тартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: iStock.com
Полиция департаментінің мәліметінше, негізгі заң бұзушылық жауапты қызметтердің қарды уақтылы тазаламауы және жол жамылғысының тазаланбауы.
Облыста қыс мезгіліндегі жолдардың жағдайын, атап айтқанда, жолды қардан уақытылы тазалау, көктайғаққа қарсы материал себу, қарды шығаруды тексеру бойынша рейд жүргізілген.
"Бір күннің ішінде полиция қызметкерлері 14 лауазымды тұлғаны жауапкершілікке тартты, оның ішінде жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жол-пайдалану басқармаларының басшылары және темір жол өткелдеріне жауапты ҚТЖ учаскелерінің басшылары бар", – делінген полиция хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Ақмола облысындағы тас жолда бір мезетте 95 көлік соқтығысқан ірі жол апаты болған еді. Артынша осы жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалды.