Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында зауыт аумағында газ-ауа қоспасы жарылды: Зардап шеккендер бар

Бұланды ауданындағы "Макинск жылу оқшаулау зауыты" ЖШС-нің сұйытылған көмірсутек газын сақтауға арналған резервуарлық паркі аумағында газ-ауа қоспасы жарылып, 48 жастағы ер адам зардап шекті, деп  хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жарылыс бүгін сағат 11:50-де болған.

"Жарылыс салдарынан 1974 жылы туған ер адам жарақат алды. Қазіргі кезде оның жағдайы орташа, денесінің 40 пайызы термиялық күйікпен аудандық орталық ауруханаға жеткізілді. Жарылыстың болжамды себебі – сұйытылған көмірсутекті газ резервуарларына құю ережелерін бұзу. Қазіргі уақытта полиция органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр", - деді департамент бастығы Нұрлан Атығаев.

Ведомстводан атап өткендей, оқиғаға орнына Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 8 адам және 2 техника тартылды. Сағат 12:09-да өрт ауыздықталып, сағат 12:25-те сөндірілді. Өрт аумағы – 10 шаршы метр.

Осы ретте, Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өңір тұрғындары мен қонақтарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 14 Шілде, 2022 21:14
Талқылау