Ақмола облысында тұрғын даладан белгісіз жарылғыш заттар тауып алды
Ақмола облысының тұрғыны айдаладан танкке қарсы 6 мина мен 5 граната тауып алды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
4 сәуір күні Жарқайың ауданы Тасты-Талды ауылының тұрғыны қара металдар жинау кезінде арнайы құрылғының көмегімен шамамен 50 см тереңдіктен белгісіз қаруларды алып шыққан.
Оқиға туралы ер адам бірден полицияға хабарлаған. Жедел – тергеу тобы мен сапер мамандары дереу жолға шықты.
“Табылған жарылғыш заттар, атап айтқанда, танкке қарсы 3 мина, жаяу әскерге қарсы 6 мина және F-1 және rid-5 моделді 5 гранаталары тексеріліп, олардың оқу-жаттығулық екені және өмірге қауіп төндірмейтіні туралы қорытынды шығарылды”, – делінген хабарламада.
Полиция мен сапер бригадасы жақын маңдағы аумақты тексеріп, жарылғыш заттарға ұқсас өзге заттар таппаған.
“Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді, сараптамалар тағайындалды, құқық қорғау органдары бұл заттардың айдалада қалай пайда болғанын анықтап жатыр”, – делінген хабарламада.