Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мыңнан аса қате жарнаманы түзеттік": Ақмола облысында қазақ тілін дамыту қалай жүргізіліп жатыр?

Ақмола облысында биыл Ұлт ұстазы, қазақ тілін реформалаған Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылы аталып өтті. Одан бөлек, қазақ тілін дамыту жолында бірқатар игі істер жүргізіліп жатыр. Мәселен, жер-су, көше мен елді мекен аттары ары қарай қазақшаланып жатыр. Өңірдің Ішкі саясат басқармасының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімін басшысы Айгүл Талпақоваға сенсек, аймақта қазақ тілін дамыту мақсатындағы шаралар әлі де жасала бермек. Stan.kz ақпарат агенттігі маманнан Ақмола облысындағы қазақ тілінің деңгейін көтеру қалай жүргізіліп жатқанын сұрады.

adyrna.kz

Облыста 3 мыңнан аса адам қазақ тілін үйреніп жатыр

Айгүл Талпақова мемлекеттік тілді дамыту мақсатында бірнеше бағыт бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

"Қазір біз қазақ тілін дамытуға қатысты бар шарамызды үкіметтің 2025 жылға дейінгі жоспарына сай атқарып отырмыз. Бірнеше сала бойынша еңбектеніп жатырмыз. Оған тіл үйрету, ономастика (есімдер қалай пайда болғанын зерттейтін ғылым — ред.) мәселесі, көрнекі ақпарат, тіл капиталы кіреді.

Облыста қазақ тілін үйрететін 20 оқу орталығы бар. Оның біреуі — облыстық, үшеуі — қалалық, қалғаны — аудандық оқу орталығы. Онда 88 топта 3 мыңнан аса адам мемлекеттік тілді үйреніп жатыр. Осы орталықтардан қазақ тілін үйреніп, сертификат алып, ол білгенін күнделікті өмірде жаратып жүргендер көп. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер де бар", – дейді ол.

Тіл саясатының басты бағыттарыңдың бірі — ономастика екен. Осы жайлы маманнан толығырақ білдік.

"Себебі жер-су атаулары — тарихымыздың бір бөлшегі. Өткеннің ізі сайрап жатқан жеріміз талай заманның жаңғырығын бізге осы атаулар арқылы жеткізді. Сондықтан жер-су атауларына ерекше ыждағатпен қарап жүрміз. Ономастика ғылымында зерттеулерімізді аса байыпты әрі терең жүргізгеніміз шарт.

Аты аңызға айналған тұлғалардың қонысы болған, ақындар тау мен тасы, өзені мен көлін шабыттанып жырға қосқан, тарихы терең Ақмола өңірі — тұнып тұрған шежіре. Шежіреге толы осындай аймақтағы елді мекендердің тарихи атауы қайтарылғаны, көше атаулары қазақыландырылғаны — тарихи әділдік. Бұл ең алдымен елдігімізге, халқымыздың болашағына, ұрпақтарымызға қажет", – деді ол әңгімесінде.

Жуырда ғана Көкшетау қаласының 21 көшесіне халқымыздың танымал тұлғалары, мәселен, Мұстафа Шоқай, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Әлкей Марғұлан, Шәмші Қалдаяқов, Міржақып Дулатұлы, Тұрсынбек Кәкішев, Сағадат Нұрмағанбетов және тағы басқалардың есімі беріліпті.

"Сондай-ақ жақын арада 30 мемлекеттік мекеменің атын қазақша қылып өзгертеміз деп, 23 елді мекен мен 160 көшенің атауларын ауыстырамыз деп жоспарлап отырмыз", – деп қосты маман.

Ғалымдармен бірге 120-ға жуық елдімекеннің тарихи атауын таптық

Елдімекендер мен көшелердің атын ауыстырғанда ең алдымен ғылыми тұрғыдан қараған жөн. Сондықтан атау ауыстырғанда елімізге белгілі ғалымдарды да шақырдық дейді Талпақова.

“Ақмола облысының топонимика мәселелері” атты жоба аясында облыстағы елді мекендердің тарихи атауларын зерттеуге арналған арналған жоба бастады. Оған облыс бюджетінен қомақты қаражат бөлініпті.

"Соның арқасында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдарымен бірлесіп, облыс аумағындағы 120-ға жуық елді мекеннің тарихи атауын таптық. Осы жаңалығымызды біз БАҚ, әлеуметтік желілерден халыққа хабарладық. Жаңа тапқан атауларды қосып, төрт кітап, атлас пен видео шығардық. Осы жұмысыздың арқасында енді бірнеше елді мекеннің аты ауыстыралады. Мысалы, Лазовое Қосағалы, Василиевка Шоққарағайлы, Макинка Аяутөбе, Златополье Құмдыкөл болып өзгертіледі.

Қазақстан үкіметі жанында құрылған Республикалық ономастика комиссиясы былтыр 2022-2025 жылға арналған идеологиялық тұрғыдан ескірген атауы бар елді мекендерді қайта атау жөніндегі жол картасын мақұлдаған еді. Қазір облыста ономастика саласында қандай да бір шара атқарсақ, осы жол картасына сүйеніп отырамыз", – дейді ол.

Атауы идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендерді қазақыландырғанда ғылым, тарихқа сүйенуге міндеттіміз дейді маман.

"Өйткені сол елді мекеннің тұрғындары қайта атауға бірден келісе қоймайды. Мысалы, Аққөл ауылына қарасты Гусарка елді мекеніндегі халықтың 85 пайызы қазақ емес. Бірақ оларға сол ауылдың бұрынғы атауы 1884 жылғы картада Домбыралы болғанын көрсеткенде ешкім қарсы болмады. Мұндай мысалдарды айта берсем көп. Бірақ бір ерекше жағдай болған.

Бурабай ауданындағы Климовка елді мекені енді Атамекен деп аталады. Алайда Атамекен ол ауылдың тарихи атауы емес. Атамекен болсын деп ұсыныс жасағандар — елім, жерім деп келген қандастарымыз", – деп қосты маман.

Мыңнан аса қазақша қате жазылған немесе мүлдем қазақша жазылмаған жарнаманы түзеттік

Сондай-ақ басқарма мемлекеттік мекемелерде тіл туралы заң қалай орындалып жатқанын да қадағалап отырады.

"Барып, іс қағаздарын қазақ тілінде дұрыс жазып жүр ме, жоқ па, көрнекі ақпарат заңға, стандартқа сай жазылып жатыр ма, жоқ па, соның барлығын тексердік.

Биыл 14 мекемеде профилактикалық бақылау жүргіздік. Біз мұнымен шектелмейміз. Әлі де бірнеше ауданға барып, осындай профилактикалық бақылау өткіземіз.

Профилактикалық бақылау дегеніміз — жыл сайын мемлекеттік мекемелерге барып, іс қағаздары тіл туралы заңға сай жазылып жатқанын қадағалаймыз. Егер олардың 60-70% ғана қазақ тілінде жазылған болса, бұл қатені түзеуге белгілі бір уақыт береміз. Бірақ қаншама мекеме араладық, барлығы дерлік мекеменің құжаттары заң сай жазылған.

Көрнекі ақпарат, жарнама — қазір тілге қатысты мәселелердің бірі, толығырақ айтсақ, олардың қазақ тілінде заңға сай, сауатты, қатесіз жазылуы. Ақмола облысында ол жағынан да шаруалар атқарып жатырмыз. Мысалы, біздің жедел желіміз бар — 8 (7162) 25–81–09 және 8 (707) 202–14–22. Облыстың кез келген тұрғыны осы нөмірлерге хабарласып, көрнекі ақпаратта қате барын айта алады. Осындай хабарламалардың арқасында 1 мыңнан аса ақпаратты түзеттік", – дейді Талпақова.

Қазір көрнекі ақпаратқа қатысты жиі кездесетін қателер — әріп қатесі мен ақпараттың тек орыс тілінде жазылуы дейді маман.

"Соларды түзеу үшін біз “Қала келбеті”, “Ауыл келбеті” және “Тіл тазалығы — ел тазалығы” деген науқан ұйымдастырдық.

Қорытындылар болсақ, көрнекі ақпарат заңға сай жазылып-жазылмағанын анықтау үшін 1 700-дей көрнекі ақпаратты тексердік, оның 1 100-дейі стандартқа сай әзірленген екен. Одан бөлек, мемлекеттік тілді қолдануға қатысты заң талаптарын түсіндіру үшін облыстағы ірі, орта және шағын сауда орындарын, дәріханалар мен емханаларды, қонақүйлер мен пошталарды, шаштараздар мен банктерді, жалпы саны 984 орынды сауда және қызмет көрсетіп жүрген орынды араладық, 2 500 адамға ненің бұрын, ненің дұрыс екенін түсіндірдік. Әдістеме, үлгі болсын деп оларға 2 500 базалық сөздік, тілашар мен жарнама тілі стандарттары жазылған буклет таратып бердік ", – дейді ол.

Бұдан бөлек, барша жұрт білсін деп мемлекеттік тіл стандарттары туралы мақала, пост шығарып тұрдық, үнемі БАҚ-пен араласып отырдық дейді маман.

"Қатені түзеу жетпейді, кәсіпкерлерді қате жібермеуге ынталандырып отыру керек. Сол үшін біз “Сауатты жарнама”, “Үздік маңдайша” сияқты 13 сайыс өткіздік.  Жоғарыда айтқан жедел желіге кәсіпкерлер де хабарласып, көрнекі ақпарат пен жарнама қазақ тілі туралы сұрақ қоя алады. Сауда және қызмет көрсететін орындарда “Сөздік қорымызды дамытайық” және “Отандық өнімдерді қолдайық” деген 30 тренинг өткіздік. Оған 650 жеке кәсіпкер қатысып, тілге қатысты сұрақтарына жауап алды. Облыстағы өзге этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді қаншалықты жақсы білетінін анықтау үшін “Мемлекеттік тілді қолдану” және “Қазақшаңыз қалай?” алты сауалнама жүргіздік", – дейді маман.

Осы айтқан шараларға жалпы 9 мыңдай адам қатысыпты.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы кең аталып өтті

Биылғы тіл саясатын айтқанда тіл мерекесі және Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын айтпай кетуге болмайды. Себебі 2022 жылы бұл атаулы күндер кең аталып өтті.

"Ақмола облысында тілдер күні 5 қыркүйекте басталды. Ол күнгі шарада облыс әкімі Ермек Маржықпаев мемлекеттік тілді дамытып, тіл саясатын жүзеге асыруға атсалысып жүрген азаматтарды марапаттап, бағалы сыйлық табыстады. Ақмола облысында 17 аудан, үш қала бар. Солардың бәрінде тілдер мерекесі жан-жақты аталып өтті.

Бұрын тіл мерекесі 22 қыркүйекте тойланатын. Бірақ 2017 жылы үкіметтің қаулысына сай бұл мереке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні аталып өтетін болды. Міне, 2018 жылдан бері тілдер күні 5 кыркүйек болып қалды. Биыл бізде осыған орай онкүндік болып өтті. Десе де, ол шаралар кей аудан, ауылда әлі жалғасып жатыр", – дейді ол.

Осы жылғы тіл мерекесі бұрынғыдан өзгеше. Себебі 2022 жылы — Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы. Мерейлі дата (5 қыркүйек) осы айда ғана емес, жылдың басынан бері тойланып келеді.

"Ақмола облысында ақынның туған күніне орай өткізілген шаралар көп. Мысалы, мамырда облыс әкімдігі мен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті бірлесіп, “Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы — әлемдік рухани кеңістігінде” деген халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Бұл жиынға Түркия мен Өзбекстан елдерінің ғалымдары мен 300 адам қатысып, жастарға тағылымы мол шара болды.

Ал Көкшетаудағы қара шаңырақ болып есептелетін Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжде "Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы: ізденіс, тәжірибе және перспектива" деп аталатын республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мұндай шара Көкшетауда ғана емес, аудан, ауылдарда, мектептерде де өтті.

Ұлт ұстазының туған күні мұнымен шектелмек емес, жылдың аяғына дейін оның мұрасын, реформаларын дәріптейтін, халыққа жеткізетін шаралар бола бермек", – дейді маман.

Қазақ тілін үйрету орталықтарында да ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай түрлі іс-шара өткізіпті. Оған тіпті 1 300-ден аса адам қатысқан екен. Ақынның қанатты сөздері әлеуметтік желіде жарияланған.

Талқылау
Қазір оқып жатыр
Қазір оқып жатыр