Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында тіл мерекесі қандай форматта аталып өтеді?

Ақмола облысында Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне арналған іс-шаралар елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты 2020 жылғы 4-16 қыркүйек аралығында онлайн форматта өткізіледі,- деп атап өтті ІСБ. 

Көпшілік қауым аталған мерекелік шараларға онлайн түрде қатысады. 

Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі өңірлік коммуникациялар қызметінің медиа орталығында брифингпен ашылады. Брифингте тіл саясаты саласындағы атқарылған жұмыстар мен онкүндік аясында өткізілетін шаралар туралы айтылады. 

Абай Құнанбайұлының шығармашылығын сүйіп оқитындар үшін ақынның туғанына 175 жыл толуына орай «Абайдың сөзі – жүректің үні» атты жазба ақындар арасында мүшәйра өткізіледі. 

Тіл саясатының өзекті саласы ономастика мәселесіне арналған «Ақмола облысының топонимикасын зерттеу жұмыстары» атты ғалым Жамбыл Артықбаевтың қатысуымен онлайн дәріс ұйымдастырылмақ.  

Сондай-ақ шет елдерде жүрген қандастарымызға қолдау көрсету мақсатында «Ұлы Даланың ұлы Тілі» атты Түркия, Англия, Франция, Венгрия елдерінің этникалық қазақ қоғамдықтарының қатысуымен халықаралық онлайн конференция болады. 
 Еліміздегі тіл саясатын іске асыруға арналған мемлекеттік бағдарламаға сәйкес «Тіл саясатын тиімді іске асырудың негізгі қағидалары» атты онлайн республикалық конференция өткізілмек. 

Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл Фарабидің 1150 жылдығына орай аудан жастары арасында «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактатынан» үзінділерді жатқа айту сайысы және «Әл – Фараби әлемі» атты әдеби композиция өтеді. 

Сонымен қатар Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аясында  «Тілге құрмет, елге құрмет» - онлайн әдеби кеші, «Сауатты жарнама», «Тіл - ұлттың тұғыры», «Қазақ тілі – бабамның тілі, баламның тілі» тақырыптарындағы онлайн байқаулар, «Travelling in the Kingdom of language» тақырыбындағы панорамалық сабақтар, «Ситуативный казахский» Қанат Тасибековпен онлайн сұхбат, және «Тіл – мемлекет тұғыры» тіл біліктілігі бойынша зияткерлік сайысы, «Тіл әлеміне саяхат»,  «Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі» Қазақстан Республикасы халқының тілдері күні мерекесіне арналған онлайн концерт және челлендждер, онлайн-көрмелер, бейне құттықтаулар, тіл туралы әндерді орындау және  т.б. түрлі іс-шаралар  Facebook  және instagram әлеуметтік желілеріндегі «Tilderdi Damyty Agmola» парақшаларында көрсетілетін болады.

Жалпы аймақта тіл онкүндігі аясында 1000-ға жуық іс-шара өткізіледі, оған 200 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде.
 

STAN.KZ
Бейсенбі, 03 Қыркүйек, 2020 21:12
Талқылау