Ақмола облысында су тасқынынан электр желісі бұзылып қалды
Ақмола облысында Есілдегі су деңгейі көтеріліп, тасқынның кесірінен тұрғындар жаппай жарықсыз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Ақмола облысында қатты су тасқыны электр желілерінің тіректерін бұзып, электр станцияларын су басып жатыр.
Құтқарушылар адамдар мен малдарды қоршаудан шығару үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. 240 маман мен 100-ден астам техникадан тұратын 80 бригада жасақталды.
Астрахань ауданында 200-ге жуық үй жарықсыз қалды.
Тасқынның салдарынан жайылымдағы мал суға кетті. Құтқарушылар оларды дронмен іздеп, құрғақ жерге қарай айдап жатыр.
Қазір үйлер мен әлеуметтік нысандарды қорғау үшін бөгеттерді нығайту және дренаждық арналарды салу бойынша жұмыс істеліп жатыр. Гидрологтар өңірдегі су тасқынының шарықтау шегі өтіп кеткенін айтады. Болжам бойынша алдағы аптада бәрі тұрақты болады, содан кейін су тартыла бастайды.
“Жақсын, Жарқайың және Есіл аудандарындағы Есіл өзенінде су деңгейінің ауытқығаны байқалады. Су деңгейі көтерілмек. Колутон мен Жабай өзендерінің ағынды суларының келуіне байланысты су тасқынының екінші толқыны басталуы мүмкін”, – деді Ақмола облысы бойынша "Қазгидромет" филиалының бөлім басшысы Надежда Гурышкина.
Еске салсақ, Қазақстанның бірнеше облысында 7-11 сәуір аралығында су деңгейі көтеріліп, тасқын болу қаупі барын ескерткен едік.