Ақмола облысында перинаталдық орталықтың жұмысы даму үстінде
Еліміз Тәуелсіздік алғалы Ақмола облысында бірнеше медициналық мекеме бой көтерді. Осындай мекемелердің бірі - Көкшетау қаласындағы перинаталдық орталық. Аталмыш мекеменің аяққа тұрып, даму кезеңі Қазақстан Тәуеліздігінің құрылуы жылдарымен дәлме дәл келеді деп хабарлайды Ішкі саясат басқармасы.
Ақмола облыстық перинаталдық орталығы жүктілік кезінде, босану кезінде, босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерге, гинекологиялық науқастарға, жаңа туған және шала туған нәрестелерге білікті және мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге арналған және медициналық колледждің клиникалық базасы болып табылады.
Орталық ана мен оның ішіндегі баланың жағдайын бақылап отыруға мүмкіндік беретін заманауи медициналық жабдықтармен, наркозды-тыныс алу, лапароскопиялық, реанимациялық, ультрадыбыстық, рентгенологиялық аппаратурамен жабдықталған.
Перинаталдық орталық үшінші санаттағы медициналық нысан болып саналады. Аталмыш орталықта бүгінгі күні шамамен, 300 маман қызмет етеді. Жағдайы ауыр жас босанушыларға, мезгілінен ерте туған шақалақтар мен туа біткен аурулары бар сәбилерге көмек осы жерде көрсетіледі. 2007 жылы орталық ішінен медициналық-генетикалық зертхана ашылған. 2011 жылы үшқабатты педиатриялық корпус бой көтерсе, 2014 жылы бесқабатты акушерлік корпусқа күрделі жөндеу жүргізілді.
"Еліміз тәуелсіздік алғалы біздің перинаталдық орталықта көптеген оң өзгерістер орын алды. 2018 жылы 4 қабатты гинекологиялық корпуста күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді", - деп атап өтті облыстық көпсалалы аурухананың перинаталогия меңгерушісі Айымкүл Маханова.
Операциялық-босандыру блогының меңгерушісі Светлана Бойко перинаталдық орталықта 30 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Целиноград медициналық институтын тәмамдаған Светлана Викторовна қолына дипломын алғасын осы жерге жұмысқа қабылданған. Еңбек жолын акушер-гинекологтан бастаған ол бүгінде операциялық-босандыру блогының меңгерушісі болып жұмыс істейді.
"Интернатураны осы перинаталдық орталықта өттім. Ол кезде бұл облыстық перзентхана болатын. Уақыт өте перинаталдық орталық болып өзгерді. Сәйкесінше, жаңа туған балаларға арналған қосымша бөлімшелер ашылды. Бүгінгі таңда біз облыстық аурухана құрамында жұмыс істейміз", - деп бөлісті Светлана Бойко.
Медициналық мекеме базасында жоғары оқу орындарының 2-3 курс резиденттері оқиды. Олардың әрқайсына тәлімгер бекітілген. Мұндай тәжірибе кадр тапшылығы мәселесін шешуге септігін тигізуде.

"Шетелде билетсіз, қонақүйсіз далада қалдым": Қазақстандықтар авторлық тур сатып аламыз деп 2 млн теңгеге дейін қаражаттарынан қағылған
