Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында оқушылар орманшылар үйінде білім алуға мәжбүр

Бұланды ауылында құрылыс компаниясы мектеп құрылысын орта жолда қалдырғандықтан оқушылар бес жылдан бері орманшылардың үйінде оқып жүр. Мектеп директоры мемлекеттік мекемені сынып етіп жасақтағанымен, балаларға бөлме тарлық етеді. Құрылысына 1 миллиард теңге бөлінген мектептің құрылысы қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Балалар білім алып жүрген “Бурабай” ұлттық табиғи паркіне қарайтын мекемеде 8 бөлме мен 1 акт залы бар. Онда оқушыларға арнайылап тақта, проектор мен парта қойылған. Қазір қорықшылар үйінде 11-сыныптың 60 баласы оқиды. Ұл-қыздарын алыс ауылдарға жібергісі келмеген ата-аналар мектеп басшылығының бұл шешімімен амалсыз келіскен.

“Бізді Макинка ма бір жерге апарамыз деді. Біз келіспедік. Осында оқытамыз, қанша жыл оқыттық қой, енді 2 айға шыдаймыз дедік”, – дейді ата-аналардың бірі Майра Қошанова.

Бөлмелердің оқушылар үшін тарлық ететінін мұғалімдер де жасырмайды. 

“Әрине, дене шынықтыру сабағы немесе кабинеттің жетіспеуі секілді қиындықтар бар. 1 қарашада жаңа ғимаратты бізге пайдалануға беру керек. Соны күтіп отырмыз”, – дейді мектеп директорының орынбасары Сәулеш Долиқызы.

Құрылысы бітпей тұрған мектепке 1 миллиард теңге қаржы бөлінген. Алайда төрт жыл бұрын басталған құрылыс жұмысын мердігер орта жолдан тоқтатыпты.

“2024 жылы "Ерқанат сервис" бұрынғы мердігер ақшаны игермей, жұмыстарын бітіре алмағаны үшін құрылыс басқармасы шартты бұзып, жаңа мердігермен шартқа отырдық. "ДЕЛОФБК" ЖШС жылдың аяғында осы мектепті тапсырады”, – дейді Ақмола облысы құрылыс басқармасының бас маманы Риза Жүнісов.

Араға уақыт салып, мектептегі құрылыс жұмысы қайта жанданды. Мердігер компанияның өкілдері бірнеше айдан кейін білім ошағын пайдалануға беру жоспарда барын жеткізді.

Талқылау