Ақмола облысында мұражайлардың ғылыми жобалары талқыланды
Көкшетауда облыс мұражайлардың басшылары мен ғылыми қызметкерлерінің қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған "Мұражай – тарихты сақтау, насихаттау орталығы" атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.
Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова құттықтау сөзінде аймақтағы мұражайлар қызметінің жаңа бағыттарын талқылау мақсатында мерейтойлық жылы аталған іс-шараны өткізудің маңыздылығын атап өтті.
"Бүгінгі таңда облыс мұражайлары тарихи-мәдени мұраны сақтау, жас ұрпақ арасында ұлттық-мәдени құндылықтарды насихаттау бойынша үлкен жұмыстар жүргізуде, ғылыми-зерттеу қызметінің орталықтары болып табылады. Бұл жұмысты одан әрі жетілдіру үшін мұражай ісінде ақпараттық технологияларды белсенді пайдалану, артефактілердің цифрлық көшірмелерін жасау, облыстың барлық мұражайларына "Музеолог" электрондық каталог бағдарламасын енгізу, облыс мұражайлары Ғылыми кеңесінің қызметін ұйымдастыру қажет", - деді Айгүл Сәбитова.
Дөңгелек үстел барысында Мәлік Ғабдуллин, әдебиет пен өнердің, Көкшетау қаласының тарихының мұражайларының ғылыми-зерттеу жұмыстары, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми жобалары мен Тәуелсіздік жылдарындағы жиналған коллекциялары туралы баяндамалар оқылды.
Іс-шара соңында қатысушылар мұражайлардың ғылыми жұмысын күшейту және мұражай қызметкерлерінің кәсіби қызметін жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын енгізді, олар хаттамада көрсетіледі.
Айта кетейік, облыста 11 мұражай жұмыс істейді, онда 120 мыңнан астам құнды тарихи ескерткіштер сақталған. Жыл басынан бері облыс мұражайлары санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып, 1770-тен астам экскурсия, дәріс, көрме өткізді, 700-ден астам мұражай заттарын өңдеді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
