Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында ММА бапкерін атып кеткен: Марқұмның туыстары кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп қорқады

Ақмола облысында оқ тиіп көз жұмған танымал ММА бапкері Қайырбек Сәбиевтің туыстары тергеудің әділ жүргізілуін талап етеді. 26 жастағы жігітті өлтірген кінәлілер жазадан сытылып кете ме деп қорқады. Айтуларынша, күдіктілердің лауазымды қызметте отырған ағалары бар. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скриншот

11 тамызда Ақкөл қаласында екі азамат оққа ұшып, мерт болған. Олардың денесі зират маңынан табылды. Қазір полиция күдіктілерді қамауға алған.

Марқұмның анасы Гүлжан Бүргеғұлова тұңғышынан айырылып, енді тергеудің әділ әрі ашық жүргізілетініне күмәнмен қарайды. Айтуынша, күдіктілердің шенеунік туыстары бар. Оған қоса, баласына оқ атылған тапанша әлі күнге дейін табылмапты.

“Осындай бейбітшілік заманда қалай жігіттердің қолында қару, яғни тапанша болады? Қалай адамды атып, осылай жайбарақат жүреді? Демек олар бұған үйренген. Артында тіреуі бар, әке-шешесі жақсы жерде отырған балалар деп ойлаймын. Мен жалғызбасты анамын. Бәрі өз жазасын алсын, сот әділ өтсін. Сараптама тәуелсіз болсын”, – деді Қайырбек Сәбиевтің анасы Гүлжан Бүргеғұлова.

Қайырбек Сәбиев жеке зал ашып, аралас жекпе-жек спортынан бапкер болған екен. Балаларды спортқа баулыған жаттықтырушыны қаскөйлердің не үшін атып кеткені тергеу барысында белгілі болады. 

“Тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабы “Алдын ала сөз байласу арқылы топпен жасалған екі адамды өлтіру” бойынша жүргізіліп жатыр. Қылмыскерге 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта күдіктілер анықталып ұсталды, барлық қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды”, – деп мәлімдеді Ақмола облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Бек.

Қайырбек Сәбиевтің артында жары мен екі жасар баласы қалды. Көз жұмған екінші азаматтың да отбасы мен баласы бар.

Талқылау