Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында мемлекеттік қызметкерлер іссапар төлемдерін ала алмай келген

Фото: depositphotos.com

Ақмола облысында мемлекеттік қызметкерлер іссапар шығындарын ала алмай келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақмола облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті жүргізген тексеріс барысында 416 мемлекеттік қызметкердің құқығы бұзылғаны анықталды. Олардың көпшілігінде қызметкерлер өздерінің келісімінсіз жұмыс уақытынан тыс қызметке тартылған. Мұндай 161 құқық бұзушылық фактісі тіркелді. Департаменттің тексерісінен кейін қызметкерлерге жалпы ұзақтығы 296 сағаттан асатын қосымша демалыс күндері берілді.

Сонымен қатар, қызметкерлердің іссапар шығындарының толық өтелмегені анықталған, кейбір жағдайларда бюджеттік қаржыландырудың жоқтығына байланысты мүлде төлем жасалмаған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 195 мемлекеттік қызметкерге жалпы 9,4 млн теңге көлемінде қызметтік іссапар шығындары өтелді. 

“Қолданыстағы қағидаларда көзделген белгіленген шектен асып кеткен іссапар шығындарын негізсіз өтеу фактілері де анықталды. Жүргізілген талдау нәтижесінде осындай 119 факт тіркеліп, жалпы сомасы 2 815 610 теңгені құрады. Қазіргі уақытта оның 1 229 648 теңге ерікті түрде бюджетке қайтарылды”, – делінген депуратмент хабарламасында. 

Сондай-ақ тексеріс нәтижесінде 43 мемлекеттік қызметкерге жыл сайынғы еңбек демалысы үшін қаражат уақытылы төленбегені анықталды. Департаменттің талабымен оларға төлемдердің кешігуіне байланысты 59 мың теңге өтемақы төленді. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 25 Тамыз, 2025 21:46
Талқылау