Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында құрылыс компаниясы бір пәтерді бірнеше үлескерге сатқан

Ақмола облысында құрылыс компаниясы бір пәтерді бірнеше адамға сатқан. Мұны білген үлескерлер шу шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Құрылыс компаниясына алданған 60-қа жуық адам заңсыздықтарды жеткізіп, құзырлы органдарға талай мәрте шағымданған. Алайда іс созылып, үлескерлер үш жылдан бері жаңа баспанаға кіре алмай жүр. 

“Мысалы мен 10 миллион теңге бердім. Біздің үлескерлердің арасында 100 пайыз ақы төлегендер бар. Мысалы міне, бұрышта тұрған үшінші блок, әлі бітпей тұр. Біз осыған дейін қалалық әкімдікке барып, жағдайымызды айттық. Одан кейін қалалық прокуратура қарастырды. Бірақ ешқандай қозғалыс жоқ”, – дейді үлескер Дина Айтмағамбетова. 

Құрылыс компаниясының жарнамасына сенген жұрт құзырлы органдарға да арыз жазған. Бірақ іс сотқа жетпей, орта жолдан қысқарыпты. Ол аздай, кей үлескерлер пәтерінің басқа адамға да сатылғанын білген. 



“Уақыт өте келе бір пәтерді бірнеше адамға сатқанын білдік. Бізге басқа үйден баспана аласыңдар деп айтты. Мен сенуден қалдым. Мұндай компанияға қалай сенуге болады?! Жалдамалы пәтерде тұрып, шығынға баттық”, – дейді үлескер Данияр Башаев. 

Армандаған баспаналарына қол жеткізе алмай жүргендер әкімдіктен көмек сұрап отыр. Ал шенеуніктер ушыққан мәселені шешіп береміз дейді. 

“Құрылыс салушы ол кісілер қаражат жағынан қиыншылыққа тап болған. Қазір осы мәселелердің бәрін шешу үшін әкімшіліктің алаңында техникалық шарттарды, мерзімі өтіп кеткен техникалық шарттарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Болашақта мердігерге қосымша инвестор тартуға мүмкіндік беріледі”, – дейді Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Қылышбаев. 

Ал құрылыс компаниясының басшысы құрылысы аяқталмаған үйді маусым айында толық бітіреміз дейді. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда құрылыс компанияларына жасалатын салықтық жеңілдіктер алып тасталатыны туралы жазған едік. 

Талқылау