Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында Конституцияның 25 жылдығына орай пәтер кілті мен жаңа көліктер табысталып, үздік мұғалімдер марапатталды

Аймақ басшысы Ермек Маржықпаев "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 25 көкшетаулыққа пәтердің кілтін табыстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Үкімет саясатының маңызды бағыты - әрбір қазақстандық отбасын өз пәтерімен қамтамасыз ету болып табылады. Біздің облыста соңғы бес жылда орта есеппен жылына 370 мың шаршы метр пайдалануға беріледі. облыста соңғы бес жыл ішінде 13 мыңнан астам ақмолалық отбасы жаңа пәтерге көшті. Биылғы жылы 570 мың шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланған. Көкшетаудың өзінде ғана 242 мың шаршы метр пайдалануға беріледі", - деді аймақ басшысы

Сонымен қатар, әкім облыстағы медицина қызметкерлеріне жаңа көліктерін табыстады. Көліктер облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің аумақтық бөлімшелеріне сыйға берілген.

Оған қоса, "Самұрық-Қазына" мен Kaspi Bank демеушілігінің арқасында Көкшетау қалалық емханасы мен Атбасар, Аршалин, Целиноград және Зеренді аудандарындағы ауруханаларға 8 жедел жәрдем көлігі алынды.

"Бұл аймақ тұрғындарына санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік деңгейін және медициналық көмек сапасын жақсартуға көмектеседі деп сенемін. Бұл біздің медициналық ұйымдардың көліктерін бірінші рет жаңартуымыз емес. Қазан айында 50 жаңа жедел жәрдем көлігі келеді", - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Артынша облыстың үздік мұғалімдері марапатталды.

"Өткен оқу жылының соңында коронавирустық пандемияға байланысты өте қысқа мерзімде мұғалімдер әдеттен тыс жұмыс кестесіне көшуге мәжбүр болды. Осы қиын сәтте сіздер өз міндеттеріңізді орындап, балаларымызға білім беруді жалғастырдыңыздар. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталды, бірақ вирус ешқайда жоғалған жоқ және біз білім беру үдерісін қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек. Осы қиын кезеңде біздің балаларымыздың өмірі қамқор және сенімді адамдардың қолында екеніне сенімдімін. Биылғы оқу жылы жаңа жетістіктермен және игі істермен толтырылатынына сенімдімін. Соңғы үш жылда білім саласына жұмсалған қаржы 50 миллиардтан астам теңгеге көбейіп, биыл 127 миллиардты құрады, бұл облыс бюджетінің үштен бірін құрайды. Қаражат білім беру мекемелерін салуға, қайта құруға, күрделі жөндеуге және ағымдағы жөндеуге, сондай-ақ 25 мың дана компьютерлік техниканы сатып алуға бағытталды", - деп Ермек Маржықпаев облыстағы білім сапасын арттырудың маңыздылығын атап өтті

"Сонымен қатар облыста жұмыс істейтін 21 мың мұғалімнің біліктілігі мен жалақысын көтеру бойынша жұмыс жүргізіледі. Биылғы жылы облысқа білім беру саласының 300-ге жуық жас мамандары келгені және 500-ге жуық болашақ мұғалімдер облыс әкімінің гранттары мен стипендиялары арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында оқып жатқандығы атап өтілді", - деді облыс әкімі. 

Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында және облыстағы білім беруді дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін облыс әкімі 100 мың теңгенің сертификаттарын, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгілерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және өз атынан әр облыстың үздік мұғалімдеріне алғыс хаттар табыстады. Аймақтың үздік білім беру ұйымына жыл сайын берілетін 22,6 миллион теңгенің сертификатын Қорғалжын мектеп-гимназиясының директоры Нұрлан Тәжин алды. 

STAN.KZ
Жұма, 28 Тамыз, 2020 14:46
Талқылау