Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында Қазақстан халқы тілдерінің онкүндігі аяқталды

Көкшетауда Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күнін мерекелеу онкүндігінің жабылуына арналған іс-шара өтті.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі.

Өңір басшысы өз сөзінде атап өткендей, Қазақстан халқының тілдері күні барлық қазақстандықтар үшін бірлік пен келісімді білдіретін шын мәнінде үлкен және жарқын мерекеге айналды.

"Әрбір тіл – тұтас бір әлем, ол адамның байлығы. Тіл - бұл қарым-қатынас құралы ғана емес, ол халықтың жаны, дәстүрлер мен мәдениеттің сақтаушысы", - деп атап өтті Ермек Маржықпаев.

Облыста ақмолалықтардың мемлекеттік тілді меңгеруі бойынша мақсатты жұмыс жүргізілуде. 2003 жылдан бастап тілдерді оқыту орталықтары белсенді жұмыс жүргізіп келеді, олар барлық аудан орталықтарында бар және олардан білім алуға ниет білдіргендердің бәрі де қол жеткізе алады.
Облыстық телеарна арқылы мемлекеттік тілде хабар тарату үлесі 70% - ды құрайды. Мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тілдегі шығыс құжаттаманың үлесі 97% - ды құрады.

Сонымен қатар, мемлекет этникалық тілдер мен мәдениеттердің дамуын қолдайды. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанында "Шаңырақ" мектебі жұмыс істейді, онда 200-ден астам бала ана тілін оқиды. Облыста орыс драма театры жұмыс істейді, 26 баспа басылымы орыс тілінде шығарылады.

Салтанатты шара барысында тіл саясатын жүзеге асыруға елеулі үлес қосқан тұлғаларды марапаттау рәсімі өтті. Тіл саясатын жүзеге асыру жолында қоғам қайраткері, еңбек ардагері Мұрат Ыдырысұлы, Көкшетау автобус паркінің директоры Әсия Шәрімова, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушысы Раушан Әміренова, облыстық "Арқа ажары" газетінің журналисті Аслан Оспанов және т. б. сияқты түрлі сала өкілдерінің қосқан үлесі атап өтілді. 

"Мен үшін елеусіз еңбегімнің осындай жоғары бағалануы - зор абырой. Бұл мереке бейбітшілік пен өзара түсіністік әкеледі! Ана тілінің дамуы туралы есте сақтап, Қазақстанда тұратын барлық халықтардың тілдеріне құрметпен қарау керек. Біз бәріміз – біртұтас мықты халықтың бір бөлігіміз және бұл сезімді берік ұстанып, нығайту қажет",- деп бөлісті Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Ғайша Жақиенова.

Сондай-ақ, марапатталғандардың қатарында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған онкүндік аясында өткен облыстық байқаулардың жеңімпаздары да болды. 
 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 16 Қыркүйек, 2020 20:57
Талқылау