Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысында екі жасөспірім қыз жоғалып кетті

Ақмола облысында кәмелетке толмаған екі қыз жоғалып кетті. Қазір полиция оларды іздестіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, 7 маусым күні Ақкөл аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші бөлімшесіне Ақкөл қаласының тұрғынынан ұялы телефон арқылы 2008 жылы туған Анастасия Мац есімді оқушының жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен. 8-сынып оқушысы 7 маусым күні сағат 11.00 шамасында үйден шығып кетіп, оралмағаны анықталған.

Оқушы үйден үстіне қара топ, көк колготки, ақ кроссовка киіп шыққан және өзімен бірге қара рюкзак болған.

Ал 8 маусымда жергілікті балаларды қолдау орталықтарының бірінің бас тәрбиешісінен 7 маусымда кетіп қалған 14 жастағы оқушы Элеонора Аяшеваны іздеуге көмектесу өтініші келіп түсті. Элеонораның белгілері: бойы шамамен 150-155 см, орта денелі, қысқа қиылған ақшыл қоңыр шашты, жұқа ерінді, беті дөңгелек, кең маңдайлы, көзі қара қоңыр, қасы жұқа. Ол сыртқа шығарда ақ футболка, қара шорты және ақ кроссовка киіп кеткен.

Тәртіп сақшылары құрбылар Астанаға сағат 16:00 жеке Mercedes көлігімен келіп, "12 ай" құрылыс дүкенінің жанынан түскенін анықтады. Қазір полиция оларды іздестіріп жатыр. Полиция департаменті қыздардың жүрген жері туралы мәлімет анықталған жағдайда немесе қосымша ақпарат пайда болса, 102 нөміріне хабарласуын сұрайды.  

Талқылау