Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Еттерін дәмханаларға сатқан: Ақмола облысында ауыл тұрғындарының 100-ден аса қойын ұрлап кеткен

Ақмола облысында Жақсы ауданының Белағаш ауылының тұрғыны белгісіз біреулер шалғай учаскенің аумағынан 123 қойды ұрлаған. Баукеспелер малдардың етін дүкендер мен жеке адамдарға сатып жалпы сомасы 7 млн теңгеден астам залал келтірген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап. 

Полиция деректеріне сай, тұрғындар 12 тамызда ұсақ малдың ұрланғаны туралы өтінішпен жүгінді. Жергілікті кәсіпкердің айтуынша, белгісіз біреулер шалғай учаскенің аумағынан жазғы шарбақтан малдарды алып, ауыл тұрғынына 7 млн теңгеден астам залал келтірген.

“Осы фактіге қатысты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 4-бөлігі (Мал ұрлығы) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады және жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Жақсы ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері қысқа мерзімде ірі ұрлық жасады деген күдікке ілінген топтың 4 мүшесін әшкерелеп, ұстады”, – делінген хабарламадан.

Бір қызығы, ұсталғандардың бірі жәбірленушінің туған жиені болып шықты және ол мал басының саны мен орналасқан жері туралы нақты ақпаратқа ие болды.

Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде ұсталғандардың төртеуі де Атбасар қаласының тұрғындары және ет өнімдерін сатып алушылар екені анықталды. Олар ұрланған қойлардың еттерін жергілікті дәмханаларға, ет сату дүкендеріне және жеке адамдарға сатқан. 

Қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Полицейлер ұсталғандардың аймақ аумағындағы басқа да осындай қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Талқылау