"Қазақша еркін сөйлеп, іс қағаздарды мемлекеттік тілде жүргізгім келеді": Ақмола облысы тұрғындары қазақ тілін не себепті үйреніп жүргендерін айтты
Қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқандар қарасы күн санап артып келеді. Олардың ішінде емін-еркін сөйлемесе де, тілдің базалық негіздерін білетін қазақтар да, тілді мүлде білмейтін өзге ұлт өкілдері де бар. Бүгінде мемлекеттік тілді кез келген Ақмола облысының тұрғыны еркін меңгере алады. Ол үшін облыста 20 тілдік орталық жұмыс істейді, арнайы бекітілген әдістеме де бар. Қазақ тілін тегін әрі тиімді жолмен қалай үйренуге болады? Stan.kz тілшісі материалынан оқыңыз.
Тегін тілдік курстардың өту барысы
41 жастағы Көкшетау тұрғыны Олег Климошенконың қазақ тілін үйреніп жүргеніне бір жылдан асқан. Ол “КазАгроҚаржы” АҚ компаниясында қызмет етіп жүріп, мемлекеттік тілді меңгеру қажеттігін түсінген. Осылайша бір жыл бұрын курсқа қатыса бастаған.
“Әзірге деңгейім орташадан сәл төмен. Алайда оқуды ары қарай жалғастырсам деймін. Құралай есімді мұғаліммен дайындаламын. Топтық сабақтар өткізіледі. Онда көбіне оқу, аудару тапсырмаларын орындаймыз”, – дейді ол.
Сөзінше, қазақша сөйлей алу және оның егжей-тегжейлі білуге деген құлшынысы зор.
Тағы бір облыс тұрғыны 22 жастағы Таниза Қабыл-Фазыл “Азаматтарға арналған үкімет" АҚ Ақмола облысы бойынша филиалының маманы. Жұмысқа орналасқан соң қазақ тілін тегін оқытатын курс туралы білген. Қазақ тілінің негіздерін мектеп табалдырығынан білген ол мұндай мүмкіндікті жіберіп алмау керек деп есептеген.
“Оқытушым Ләззат Қабылмажитқызы осы курстар туралы айтты. Қызықтым, оқығым келді. Қазір мен базалық А 2 деңгейінде оқып жүрмін. Қазақ тілін үйрену қиын емес, бірақ тәжірибе болмаған соң қайталап отыруды қажет етеді.
Сабақтар “Қазтест” әдістемесі бойынша жүргізіледі. Оқу процесі барысында тренингтер өткізіледі, мақал-мәтелдер жаттап айтамыз, сұхбат жүргіземіз. Осы тапсырмалар қатты ұнайды”, – дейді ол.
Таниза болашақта қазақша еркін сөйлеп, іс қағаздарды мемлекеттік тілде еркін жүргізуге қабілетті болуды қалайды.
Тегін тілдік курстардың өту барысы
Мемлекеттік тілді үйренуге облыста барлық жағдай жасалған. Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының "Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығы" ашылғаннан бері тіл курсын облыс бойынша 2003-2022 жылдар аралығында 50 мыңға жуық азамат оқып шығыпты.
Облыста барлығы 20 тілдерді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Оның ішінде 16 аудандық, 3 қалалық және 1 облыстық оқу-әдістемелік орталығы бар. Аталған орталықтар жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Басты мақсаты – ересектерге мемлекеттік және ағылшын тілдерін оқытып, үйрету.
Облыс бойынша тілдерді оқытуға жұмылдырылған қызметкерлер саны да көп. Келушілерге білім беру жолында барлығы 155 қызметкер, 20 директор, 89 оқытушы және 13 әдіскер жұмыс істейді екен.
Кімдер қатыса алады?
Тілдік курстарға 18 жастан асқан кез келген облыс тұрғынының қатысуға мүмкіндігі бар. Мұнда мемлекеттік қызметкерлер де, өз бетінше тіл үйренгісі келетіндер де білім ала алады. Қазақ тілін үйреніп жүргендер қатарында дәрігерлер, әскери қызметкерлер, жекеменшік компания қызметкерлері бар.
2022 оқу жылының өзінде облыс бойынша 3721 тыңдаушы келсе, оның 3124 – мемлекеттік тілді оқыпты. Орталық “Тілдерді дамыту мен қолданудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы" негізінде жұмыс атқарып келеді.
Оқыту процесі қалай өтеді?
Оқу үдерісі "Қазтест" жүйесінің оқу-әдістемелік кешені бойынша оқу жүргізіледі. Бұл Бесдеңгейлік Ұлттық стандарт пен Бірүлгі бағдарламасы аясында мемлекеттік тілді оқытудың үш деңгейлік оқу бағдарласы қарастырылған. Сонымен қатар көп деңгейлі "Тілдарын" және "Көкшетау" оқу-әдістемелік кешендері де тіл үйретуде жемісті қолданылады.
Тегін тілдік курстардың өту барысы
“Орталықтың басты мақсат-міндеті Ақмола облысы бойынша ересектерге заманауи әдіс-тәсілдерді қолдана отырып тілді үйрету. Осы арқылы мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесін арттырып, тіл үйренушінің қатысымдық құзыретін қалыптастыру.
Тіл курстарын өтем деушілерге бірнеше деңгей қарастырылған. Бастауыш, жалғастырушы және жоғары деңгей. Орталықта оқитын тыңдаушылардың жас ерекшеліктері әртүрлі, көбіне ересектер оқиды. Мемлекеттік тілді оқыту ұзақтығы – бір жыл, 60 сағаттық бағдарлама, аптасына екі рет оқытылады. Толық оқу курсын бітірген тыңдаушыларға сертификат беріледі”, – дейді Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығы басшысының орынбасары Қуаныш Қайыргелдіұлы.
- Бастауыш деңгей – 60 сағат (қатысымдық бағдар: күнделікті өмірде жиі кездесетін сөйлесу жағдаяттары бойынша, коммуникативті, лексикалық минимумдар, аудиотренингтер, шағын мәтіндер бойынша сұхбаттасу);
- Жалғастырушы – 60 сағат (тіл дамыту және тіл ұстарту бағыты: сөйлеу әрекетінің түрлерін қамти отырып, қоғамдық ортаның салаларымен мейлінше кеңірек таныстыру, тіл үйренушінің коммуникативтік құзыретін дамыту);
- Жоғары деңгей – 48 сағат (Мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізу және іскерлік қарым-қатынас түрлері: құжат мәтінінде жиі кездесетін тілдік бірліктерді меңгерту. Құжат үлгісін жазуға дағдыландыру, іс қағаздарын сауатты толтыруға үйрету бағыты).
Орталық тіл үйретуде коммуникативті, интерактивті, инновациялық әдіс-тәсілдер қолданады. Мұғалімдер қолданатын әдістеменің басты ерекшелігі – интерактивтілік, бейнелілік, ықшамдылылық, тілдік кедергіден жылдам өтуге, тіл үйренушілерді еркін сөйлетуге, коммуникативтік мақсатқа жетуге бағытталғаны.
"TIL-KOKSHE" жобасы
2021 жылдың қазан айынан бастап Көкшетау қаласында қазақ тілін еркін форматта үйрететін "TIL-KOKSHE" клубы өз жұмысын қолға алды. Клубқа қатысуға ниет білдіргендер облыстық кітапхана базасында әртүрлі этнос өкілдерінен тұратын топ құрған. Өге ұлт өкiлдерiнiң мемлекеттiк тiлдi оқуға деген қызығушылықтарын арттыруды мақсат еткен бұл жоба жеңіл әрі оңай жолмен ауызекі тілде сөйлеуді үйретеді.
- Мұнда клуб мүшелерімен аптасына 1 рет әртүрлі тақырыпта коммуникативтік тренингтер мен интерактивті ойындар өткізу, тілдік орта құрады.
- Күнделікті ауызекі сөйлеу тілін меңгерту үшін лексикалық тақырыптар аясындағы белсенді лексикамен жұмыс істейді.
- Клуб мүшелерімен "Шаңырақ" лингвистикалық үстел ойыны арқылы ойнай отырып қазақ тілін үйрету;
- Клуб мүшелерінің сөздік қорын молайту, жағымды көңіл-күй ауанын қалыптастыру, өзара сұхбаттасу, диалогтар құру.
Бүгінгі күнге дейін "TIL-KOKSHE" клубы аясында қатысушылармен 12 кездесу өткен.
"Тілдесейік, достар!" жобасы
Айта кету керек, биыл сәуірде Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен "Тілдесейік, достар!" клубы құрылды.
Отырыс барысында қатысушыларымен коммуникативтік орта қалыптастырылады. Клубқа қатысуға ниет білдіріп, қызығушылығын танытып жатқан тіл үйренем деушілердің саны күннен-күнге артуда. Атқарылған жұмыстардың нәтижелер әлеуметтік желілерде Орталықтардың парақшаларында БАҚ беттерінде материалдар жариялануда.
Қазақша сауалнама жүргізіліп, сөздіктер таратылады
Орталық қызметкерлері "Қазақша үйренейік!" атты акцияның аясында Көкшетау қаласындағы бірнеше сауда орталықтарының сатушыларымен қысқаша сұхбаттасып, орысша-қазақша тілдескіштер таратады.
“Сондай-ақ, техникалық қызмет көрсету орындарына, дәріханаларға барып, көмекші құралдар мен шағын сөздіктер үлестірілді. Кәсіпкерлік және сауда саласының қызметкерлеріне арналған 14 сабақтан тұратын шағын бейнесабақтар түсіріліп, Орталықтың Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріндегі парақшаға салынуда. Облыстық орталықтан бейнесабақтар әзірленіп, насихат жұмыстары жүргізілуде. Аудандық және қалалық тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері сауда орындарына барып, "Мен қазақша үйренемін", "Маған қазақша сөйлеген ұнайды", "Қазақ тілі – қазақстандықтардың тілі" атты акция жүргізеді”, – дейді Қуаныш Қайыргелдіұлы жоба жұмысы туралы.
Сонымен бірге "Сөздік қорымызды дамытайық", "Отандық өнімдерді қолдаймыз", "Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры" атты тренингтер, "Кел, қазақша сөйлейік!" және "Сөз өнері" шағын бейнесабақтар топтамасын әзірлейді.
Одан бөлек қызметкерлер "Мемлекеттік тілді қолдану" және "Қазақшаңыз қалай?" сауалнамасы жүргізіп тұрады. "Сала бойынша сөздік қорын дамыту" бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, өзге этнос өкілдеріне шағын сөздіктер таратылды.