Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақмола облысындағы Қосшы қаласының көшелеріне тағы 30 жаңа атау берілмек

Қосшы қаласының Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спрот бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбай қаладағы көше атауларының ерекшеліктері мен қазақыландыру жұмыстарын айтты. Маман қазіргі таңда қалған 30 көшеге атау берілетінін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат  агенттігі.

Бөлім басшысы 2021 жылдың 20 шілдесінде президент жарлығымен Ақмола облысында облыстық маңызы бар мәртебеге ие Қосшы қаласының пайда болғанын айтып, өткен бір жыл ішінде тіл саясатына қатысты және ономастика мәселесімен жұмыстарға тоқталып кетті.

“Биыл қалада тіл саясатын жүргізу бойынша ең өзекті мәселе ономастика. Қосшыда 146 көше бар. Оның 110-ның атауы өте бірізділікпен жақсы берілген. Бір аймақтарда таза хандардың аты, бір аймақтарда, әдебиетшілер мен жазушылардың, бір жерлерде табиғаттың атауларымен аталады. Биыл біз атауы жоқ қалған 30 көшеге есім беру жөнінде жұмыс тобын құрып, барлық тиісті құжаттарды толтырып, қазір республикалық ономастикалық комиссияға жолдадық”,- деді маман. 

Айнагүл Көңбай көшелерге арналған есімдер тұрғындармен келісе отырып, таңдалғанын тілге тиек етті.

“Ол көшелерге Батырхан Шүкенов, Жәнібек Кәрменов, Нұрғиса Тілендиев, Жұмабек Тәшенов, Мұстафа Өзтүрік, Нұрсұлу Тапалова, Әбіш Кекілбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Асқар Сүлейменов сынды тұлғалардың атаулары берілмек. Бұл есімдер тұрғындармен келісіліп ұсынылды. Нәтижесін ономостикалық комиссиядан өткеннен кейін білетін боламыз”,-деп қосты ол.

Бөлім басшысы құндылықтарды дәріптеу мақсатында “Ұлттық құндылықтар” кабинетінің ашылғанын да мәлімдеді. 

“Мұнда құндылықтарды айтып қана қоймай, ат әбзелдерінен бастап, ата-бабаларымыз тіршілікте қолданған бұйымдар мен дәстүрлі өнімдерімізді таныстыру мақсат етілген. Киіз үй тігіліп, соның ішіне барлық дәстүрлі дүниелеріміз әкелінді. Азаматтар көзбен көріп қолмен ұстай отырып дәстүр, мәдениетіміздің мәніне тереңнен бойлай алады”,- деп қорытты Айнагүл Көңбай.

Талқылау