Қазақстандықтың телефон ұрлап жатқан сәті видеоға түсіп қалды: Ол біреумен сөйлесіп жатқандай кейіп танытқан

Әлеуметтік желіде телефонмен сөйлесіп тұрған ер адамның білдірмей телефон ұрлап жатқан сәттегі видеосы тарады. Полиция қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желі қолданушысы тал түсте танысының телефонын ұрлап кеткенін, ал полицияның оны видеосы болса да әлі күнге таба алмай жатқанын айтты.
“Оқиға 22 наурыз күні Алматыда Горький саябағындағы баскетбол алаңында болды. Ер адам жанында тұрып, телефонмен сөйлесіп тұрғандай кейіп танытқан. Сол сәтте екінші қолымен досымның күртесінің қалтасынан телефонын алып кетті. Арыз жазып қойдық, бірақ өкінішке қарай, әзірге оның жеке басы анықталмады. Мүмкін, араларыңызда осы адамды көрген немесе танитындар бар шығар”, – деп жазды ол.
Ер адамның видеосын көрген желідегілер оның бұл “кәсіппен” бұрыннан айналысып жүргенін байқаған.
“Спортшы секілді киініп алыпты. Ебін білетіні сөзсіз”, “Бірінші рет ұрдап тұрған жоқ”, “Айыппұл салатын камералар қайда”, “Полицияның таппай жатқаны қызық екен”, “Қоқыс тастай қойсаң айыппұл келеді, Затыңды ұрлап кетсе, таба алмай қалады”, “Ұятсыз”, – деп жазды желі қолданушылары.
Полиция болған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғаған.
“Қаладағы спорт алаңдарының бірінде бейнежазбаға түсіп қалған ұрлық фактісі бойынша Медеу ауданының полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазір күдіктінің жеке басын анықтап, ұстауға үшін жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл қылмыс міндетті түрде ашылып, кінәлі тұлғаның заң аясында жауапкершілікке тартылады”, – деп мәлімдеді полиция.
Сондай-ақ ведомство азаматтарды сақ болуға, жеке заттарын қараусыз қалдырмауға және осындай жағдайлар орын алған кезде дереу ішкі істер органдарына хабарласуға шақырады.
Алматылықтар аптап ыстықта жылудың өшірілмей жатқанына шағымданды: Әкімдік себебін түсіндірді