Әкімнің сөзін бөлгені үшін мандатынан айырылған экс-депутаттың арызы сотта қанағаттандырылмады
Фото: facebook.com/damir.taskaraev
Жамбыл облысында сот облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Дамир Ташқараевтың Amanat партиясына мүшелігін қалпына келтіріп, мандатын қайтаруды талап еткен апелляциялық шағымын қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Informburo.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Депутат әділетсіз жағдай маусым айының ортасында болғанын мәлімдеді. Ташқараев мандатынан айырылуын мәслихат сессиясында Жамбыл облысының әкіміне қойған сауалымен байланыстырды. Депутат жоспардан тыс баяндамаға уақыт жоғалтпауды ұсынып, Таразға қосылған 14 ауылдың жайын сұраған. Әкім кешірім сұрап, жиын жалғасқан. Бірнеше күннен кейін мәслихат хатшысы партияға хат жолдаған. Хат жіберілгеннен кейін үш күн өткен соң партияның облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының отырысы өтіп, онда Дамир Ташқараевты партия мүшелігінен шығару туралы қаулы қабылданды. Облыстық филиал басшысы оны "хайп" жасады және партиялық этиканы бұзды деп айыптаған.
Бұған дейін Тараз қалалық соты Ташқараевтың партия мүшелігін қалпына келтіруді және депутаттық мандатын қайтаруды талап еткен арызын қанағаттандырмады. Судья Айнұр Кенжебекова 14 шілдеде бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырып, тараптар бір ай ішінде шешімге шағымдана алатынын еске салды.
Еске салсақ, бұған дейін экс-депутат Дамир Ташқараев қызметіне қайта оралу үшін сотқа шағымданғанын жазған едік.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
