Жамбыл әкімінің сөзін бөлген депутат мандатынан айырылды: Ол қызметіне қайта оралу үшін сотқа шағымданған
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Дамир Ташқараев облыс әкімі Ербол Қарашүкеевпен сөзге келіп қалғаннан кейін Amanat партиясынан шығарылып, мандатынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ratel.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ташқараев 2024 жылдың қорытындысы бойынша халық өкілі депутаттардың KPI көрсеткіші бойынша көшбасшылар қатарынан көрінсе де, бір жыл бұрынғы көптеген этикалық бұзушылық фактілері анықталып, оны алып тастады. Енді ол сот арқылы партия мен өкілді органға қайта кірмек.
38 жастағы Дамир Ташқараев 2023 жылғы наурызда VIII шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаты болып сайланды, Amanat партиясының партиялық тізімі бойынша өткен.
Кейін жиындардың бірінде Дамир Ташқараев пен облыс әкімі арасында дау туыпты. Депутат әкімнің сөзін бөлген.
Дамир Ташқараев: “Депутат Ташқараев. Жиналғандардың уақытын алмастан, өзекті мәселелерге тоқталайық”.
Ербол Қарашүкеев: “Өзекті мәселелер... Инвестициялық келісімге енді ғана қол қойылды”.
Д.Т.: “Бұл жақсы. Бірақ одан басқа проблемалар бар”.
Е.Қ.: “Немен келіспейсіз сонда?”
Д.Т.: “Уақыт алып жатқаныңызға келіспеймін”.
Е.Қ.: “Жақсы. Кешірім сұраймын, құрметті депутаттар”.
Тоғыз күннен кейін Ташқараев партиядан, үш күннен кейін облыстық мәслихаттан шығарылды.
Облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев Amanat облыстық филиалының басшысы Дауыл Бейсенқұловтың атына хат жолдап, онда Дамир Ташқараевтың этикалық нормаларды сақтамайтынын айтып, тиісті шара қолдануды сұраған.
Хат жіберілгеннен кейін үш күн өткен соң партияның облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының отырысы өтіп, онда Дамир Ташқараевты партия мүшелігінен шығару туралы қаулы қабылданды.
Отырысқа бюроның тоғыз мүшесінен алты адам қатысып, барлығы Ташқараевты партиядан шығаруды бірауыздан қолдады. Ал келесі күні облыстық сайлау комиссиясының төрағасы оның депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы шығарды.
Дамир Ташқараев саяси кеңес бюросының қорытындысымен және облыстық мәслихат төрағасының ақпаратымен түбегейлі келіспейтінін айтты. Ол үш адвокатқа жүгініп, сотқа берді.
Сотта облыстық мәслихаттың мәліметі бойынша депутат Дамир Ташқараевтың KPI көрсеткіші ең жоғары екені белгілі болды. Дегенмен оның қызметін лайық емес және этикаға жат деп шығарып отыр.
Экс-депутаттың адвокаттары Дамир Ташқараевтың этикаға жат деп бағалауға болатын әрекетінің дәлелдерін талап еткенімен, айыпталушылар ұсынған жоқ. Адвокаттардың айтуынша, тағылған айыптар негізсіз болуы мүмкін.
Ақын-жазушы Мұхтар Шаханов депутатты қолдап, үндеу жолдады.
“Мен Дамир Отарбайұлы Ташқараевты бірнеше жылдан бері білемін. Ол – ерекше адамдардың бірі. Оның депутаттық мандатынан айырылғаны, шындықты айтатын адамдардың енді қажетсіздігі – мені қатты таңғалдырды. Мен оны қолдаймын”, – деді ол.

"Қазақ жігіттері эмоциясын көрсете алмайды": Бразилиялықпен көңіл жарастырған қазақстандық аруды сүйіктісінің ұлты да, жасы да алаңдатпаған
