Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Енді Қазақстанда құрылыс бойынша шешімді тек әкімдік қана қабылдамайды

компанияФото: gov.kz

Мәслихаттар енді әкімдіктердің құрылыс жөніндегі шешімдерін қарайтын болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әкімдіктер егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарларын (ЕЖЖ) бірнеше рет қайта қарамау үшін шешімдерін мәслихаттармен келісетін болады. Мұндай норма "Құрылыс кодексі" жобасының екінші оқылымына дейін енгізілмек. Бұл туралы сәрсенбі күні Мәжілістің жалпы отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.

"2024 жылдан бастап алғаш рет егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына мемлекеттік сараптама тетігі енгізілді. Енді барлық ЕЖЖ қолданыстағы бас жоспардағы аймақтарға бөлу сәйкестігі тұрғысынан қаралады. Егер сараптама нәтижесі бойынша бәрі сәйкес келсе, эталондық көшірме жасалады. Болашақта сол эталондық нұсқаның негізінде бастапқы рұқсат құжаттары беріледі. Бұған дейін әкімдіктер ЕЖЖ-ні бірнеше рет қайта қарап, кейде бас жоспардан тыс түзетулер енгізіп келген. Енді бұлай болмайды", – деді Нағаспаев Құрылыс кодексі жобасын бірінші оқылымда талқылау барысында.

Министрдің айтуынша, енді тек бір нұсқа болады және барлық құжат соған сәйкестендіріліп тексеріледі. Осылайша, әкімдіктердің жауапкершілігі артады. Нағаспаев бұл тетік тиімді әрі нүктелі құрылысқа тосқауыл қоятынына сенім білдірді.

"Мәслихаттардың қатысуына келсек, депутаттардың бастамасымен бұл мәселені бірге қарастырдық. Мәслихаттардың мұндай жобаларды келісуі жөніндегі норма талқыланып жатыр. Бұл әкімдіктердің жауапкершілігін күшейтеді. Яғни енді мәслихаттар әкімдіктер қабылдайтын шешімдерді келісетін болады", – деді министр.

Ерсайын Нағаспаев бұл норманы депутаттармен бірлесіп екінші оқылымға дейін пысықтауға дайын екенін атап өтті.

Айта кетейік, жаңа құрылыс кодексі аясында бұдан былай құрылыс құжаттарына сәйкес келмейтін нысандарды салуға рұқсат берілмейтінін жазған болатынбыз. Сондай-ақ жаңа салынған ғимаратқа берілетін кепілдік мерзімі 2 жылдан 10 жылға ұзартылатыны хабарланды.Бұдан былай Қазақстанда заңды бұзған құрылыс компанияларына жұмыс істеуге тыйым салынады.

Айнұр Мұхади
Жұма, 17 Қазан, 2025 18:31
Талқылау