Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әкімдіктен үміт жоқ: Абай облысында тұрғындар 30 жылдан бері жөндеу көрмеген тас жолды өз қалталарынан қалпына келтірмек

Абай облысы Мамырсу ауылының тұрғындары 30 жылдан бері жөндеу көрмеген тас жолды өз қалталарынан қаржы жиып қалпына келтірмекші. Олар жергілікті биліктің құрғақ уәдесінен әбден шаршаған деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Видеодан кадр

3 мыңнан аса халқы бар ауыл мәселесін 24.kz жазды. Дерекке сүйенсек, мұндағы тұрғындар ауылға кіретін тас жолдың 30 жылдан бері жөндеу көрмегенін айтқан. Тіпті қанша әкімдікке ұсыныс тасталса да, ауылға келген шенділерге ескертсе де нәтиже болмапты. Енді амалы құрыған азаматтар өз қалталарынан қаржы жиып жолды қалпына келтіруді жоспарлап отыр. 

“Қаншама мәрте депутаттар да келді. Бірақ ешқайсысы біздің басты мәселемізге назар аударған емес. Амалсыз өз күшімізбен жөндеуге көштік”, - дейді ауыл тұрғыны Архат Әбдірахманов. 

“Ауыл маңында 3 асфальт зауыты бар. Олардан да көмек болар емес. Жолдың нашарлығынан тіпті автобустар да келмейді. Жаяу жүруге тура келеді. Ал қыс мезгілінде жол жоқ”, - деп ашынды Тыныштық Байболов. 

Ал жергілікті әкімдік ауылға апаратын 3 шақырым жолды жөндеу үшін бюджеттен 150 миллион теңге кететінін айтуда. Сондықтан осыншама қаржыны жұмсағанша жақында құрылысы аяқталатын республикалық тас жолды күткен дұрыс деп отыр. 

“Жоспар бойынша биыл “Өскемен-Талдықорған” бағытындағы республикалық тас жол пайдалануға берілуі тиіс. Ол Мамырсу ауылын басып өтеді. Сондықтан ескі жолға қаржы салу негізсіз. Тұрғындар сәл шыдаса жаңа жолмен жүретін болады”, - дейді Аягөз ауданы әкімінің орынбасары Медет Тәтенов. 

Дей тұрғанымен ауыл тұрғындары әкімдік сөзіне сенуден қалған. Олар қазірдің өзінде 300 мың теңгеге жуық ақша жинапты.

Талқылау