"Әкімдік алдап соқты": Жауын-шашыннан зардап шеккен ақтөбеліктер бесінші жыл жаңа үйге қол жеткізе алмай жүр
Жауын-шашыннан зардап шеккен Ақтөбе тұрғындары жаңа үйге қол жеткізе алмай келеді. Төтенше жағдай 5 жыл бұрын болған. Тұрғындардың сөздерінше, бұл жағдайдан кейін билік жер телімі мен үй беруге уәде берген екен. Тіпті құрылыс нысандарының құжаттарын да көрсеткен. Уәде етілгендей жер телімін алған, бірақ үй салып бермеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
"Вохра" және "Махамбет" аудандарының шеткі бөліктерінде 400-дей адам тұрады. 2017 жылы сел жүріп, тұрғындардың жартысы зардап шеккен. Ескі үйлер бұзылып, көпшілігі басқа жерге қоныс аударуға мәжбүр болған. Сол кезде қала әкімдігі оларға басқа жерден жаңа үй беруге уәде еткен және сызбаларын да көрсеткен екен.
"Сол кезде басқа әкімдер болған. Олар бізге үй салып беретіндерін айтқан", - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Райхан Жұмабаева.
Бірақ уәде етілген үйді ала алмапты. Әдемі үйлердің суреті тек естелік болып қалды дейді. Тұрғындарға жер телімдері берілген және басқа ештеңе сұрамау жөнінде қолхат жаздырып та алған. Ал үйді азаматтар өздері салуға мәжбүр болған. Алайда кейбірі мұны қалтамыз көтермейді дейді.
"Бізді алдап осындай өтінішке қол қойдырып алды. Олар жерді аламыз және әкімдікке шағымымыз жоқ деп жаздырды. Бос жер теліміне барып орналасуым керек екен. Бірақ құрылысқа ақшаны қайдан аламын? Менің анам гипертоник, сіңілім ІІ топтағы мүгедек, жалғыз өзім жұмыс істеймін", - дейді ақтөбелік Гүлсина Гараева.
Ал қалалық әкімдіктегілер "Вохра" мен "Махамбет" ауданының тұрғындарына жаңа үй беру жоспары 2018 жылы жасалған деп сендірді. Тұрғындар үшін "Жаңа тұрмыс" ықшамауданынан 366 үй салмақ болған. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 5 млрд теңге сұратқан екен. Алайда үкімет жобаны мақұлдамаған.
"Бізде үй салу жоспарланған, жобалық-сметалық құжаттар дайын. Бұл үшін республикалық бюджеттен қаржы сұрадық. Бірақ ол жақта келіскен жоқ. Себебі Ақтөбеде мұндай үй салуға бюджет қарастырылмағанын айтты", - деп түсіндірді Ақтөбе қаласы әкімдік аппаратының Төтенше жағдайлар бойынша бөлімінің басшысы Серік Даулетов.
Биыл тағы да бюджеттен қаржы сұратпақшы. Шенеуніктер қажетті құжаттардың дайын екенін айтады. Егер мақұлданбаса, әкімдік керекті ақшаны өздері іздемек.

Қазақстандық блогерлер "лотереяға" тыйым салатын заңды айналып өтудің жолын тапты
