Әкім түні бойы шахтада болған: Қарағанды облысында154 адам жер астынан шықты
Шахтерлер ереуіл жасап, жер астынан шықпай қойған Қарағанды облысында бәрі тыныш, деп хабарлады ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев.
“Ешқандай әскер кіргізген жоқпыз. Бәрі тыныш, келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ешқандай әскери қимылдар болған жоқ, адамдар ұсталған жоқ”, — деді Тұрғымбаев Sputnik Қазақстан тілшісіне.
“АрселорМиттал Теміртау” АҚ көмір департаментіне қарасты төрт шахтаның 200-ге жуық жұмысшысы 11 желтоқсанда түнгі ауысымнан кейін жер астынан шығудан бас тартады. Олар бірнеше талап қойды, оның ішінде еңбекақыны жүз пайыз өсіру және зейнет жасын төмендету талабы бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 12 желтоқсанда сегіз шахтада 684 адам болғанын хабарлады. Жергілікті билік пен компания өкілдері шахтерлермен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бүгін таңғы сегіздегі жағдай бойынша жер астынан 154 адам шықты.
Қарағанды облысы әкімі Ерлан Қошанов шахтаға түсіп, жұмысшылармен келіссөз жүргізді, нәтижесінде кенжардан 154 адам шықты, деп хабарлады облыстық әкімдік баспасөз қызметі.
12 желтоқсанда Қарағандыға “АрселорМиттал ТМД” бас директоры Парамжит Калон келіп, облыс әкімі Ерлан Қошановпен кездесті. Бизнесмен мен өңір басшысы компания ұсынатын шарттарды талқылаған. Келіссөздер 9 сағатқа созылып, кешкі он бір кезінде аяқталды, содан кейін әкім мен АМТ атқарушы директоры Вадим Басин шахтерлерге аттанды.
Бір жарым сағаттан соң Ерлан Қошанов “Шахтинск” шахтасының кенжарына түсті. Екі сағат шахтерлермен әңгімелескен соң, 59 адам жер бетіне шықты. “Тентек” шахтасында 76 адам кенжардан шыққан.
Түнгі үш кезінде “Тентек” шахтасында Ерлан Қошанов “АрселорМиттал Теміртау” АҚ шахтасының директорлары, кәсіподақтары, бригадирлері қатысуымен жиналыс өткізді. Шахтерлер қойған талаптар мен компанияның ұсыныстары қайта талқыланды.
Бір сағаттан соң әкім “Ленин” шахтасына барып, кенжарға түсіп, шахтерлермен кездесті. 19 адам кенжардан шықты.
Таңғы алты кезінде әкім “Қазақстан” шахтасына түсіп, келіссөздер жүргізіп жатыр.
13 желтоқсан сағат 8-дегі ахуал бойынша барлығы 154 шахтер кенжардан шыққан.
Тағы да оқыңыз:
2019 жылдан бастап екі пән ағылшын тілінде оқытылады
Бауыржан Момышұлы: Мен де екі жыл жер тепкілеп, ефрейтордан таяқ жеген солдаттың бірі болдым
Жас жігіт бал ашып отырған әйелдің құмалағын теуіп, ұрсып тастады (видео)